azattyq | News and Media

Telegram-канал azattyq - Azattyq - Азаттық

11875

Тәуелсіз елге тәуелсіз ақпарат! Radio Azattyq на русском ➡️ @radioazattyq ❗Телеграм-арнамыздағы материалдарды бөліскенде бізге сілтеме беруді сұраймыз. 📍Website: https://www.azattyq.org 📍Instagram: https://www.instagram.com/azattyq/

Subscribe to a channel

Azattyq - Азаттық

❗️ЕСКЕРТУ! Видео көрерменге ауыр әсер етуі мүмкін

Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы көпқабатты үйдегі пәтерде өрт шығып, екі бала терезеден секірді. Олар қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Бұл туралы "Мой Город" сайты жазды. 22 қарашада әлеуметтік желіде өрт орнынан түсірілген видео тарады. Онда кішкентай екі баланың төртінші қабаттағы терезеден төмен қарай секіргені көрінеді, оларды ер адамдардың мата керіп қағып алғаны байқалады. Өкінішке қарай, екінші бала құлаған кезде матаның шеті жыртылып кетті деп жазды "Мой Город".

БҚО денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен үш адам Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізілді деп хабарлады.

🗣 "4 және 8 жастағы екі бала, сондай-ақ 43 жастағы әйел реанимацияда жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Олар емделіп жатыр" деді басқарма.

БҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, пәтер ішіндегі жиһаз бен басқа заттар жанып кеткен. Өрт сөндірушілер 12 адамды эвакуациялады деді департамент.

Видео: "Мой Город"

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🗣 Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің тілшісі Алсу Құрмашеваға Журналистерді қорғау комитетінің халықаралық баспасөз еркіндігі сыйлығы берілді. Марапаттау рәсімі бүгін Нью-Йоркте өтті

🗣 "Бұл сыйлықты алу мен үшін үлкен мәртебе. Мұны қазір түрмеде отырған Азат Еуропа/Азаттық Радиосындағы әріптестерімнің атынан қабылдаймын, екеуі Беларусьте (Игорь Лосик пен Андрей Кузнечик), біреуі Қырымда (Владислав Есипенко) және біреуі Әзербайжанда (Фарид Мехрализаде) абақтыда отыр. Түрмедегі журналистер - бұл сан емес, олар да мен сияқты адам, оларды да үйінде отбасы мен балалары күтіп отыр, олар бостандыққа шығуы керек" деді Құрмашева.

Алсу Құрмашева 288 күн Ресей түрмесінде отырды. Оған Ресей армиясы туралы жалған ақпарат таратты деген айып тағылды. Тергеушілер Idel.Реалии редакциясы 2022 жылы күзде жариялаған "Соғысқа жол жоқ! Украинаға қарсы басқыншылықты қолдамайтын 40 ресейліктің хикаясы" кітабын сыныққа сылтау қылған.

19 шілдеде Татарстанның Жоғарғы соты Құрмашеваға 6,5 жыл түрме жазасын кесті. 1 тамызда Алсу бостандыққа шықты. Ол Батыс елдері, Ресей мен Беларусь қатысқан тұтқын алмасу шарасы аясында босатылды.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🗣 eGov mobile қосымшасында Қазақстандағы уақыт белдеуіне байланысты сауалнама шықты

"Хронометрика: күнделікті уақытты ұтымды пайдалану" деп аталатын сауалнамада бес сұрақ бар. Арасында "Қазіргі уақыт белдеуі туралы ойыңыз қандай?", "Сізге қай уақыт белдеуі оңтайлы?" деген сияқты сұрақтар да бар.

Бұған дейін үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өту туралы шешімді қолдаған.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа уақыт белдеуі жұртқа қалай әсер ететінін зерттеуге шамамен 90-100 миллион теңге жұмсалуы мүмкін деп айтқан. Қоғам арасында бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты көп сын айтылған.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🗣 "ҚазМұнайГаз" компаниясының басшысы Асхат Хасенов 22 қарашадағы брифинг кезінде Жаңаөзендегі ереуілшілерге қатысты "компания келіссөзге дайын, тек бәрі жұмысқа оралсын" деп мәлімдеді

🗣 "Біріншіден, барлығын жұмысқа шығуға шақырамыз. Бұл – бірінші атқарылуға тиіс шаруа. Менің ойымша, ол жақта рұқсат етілмеген акция жасауға себеп те, негіз де жоқ" деді Хасенов. Оның сөзін "Власть" сайты жариялады.

Оның сөзінше, "БАҚ және барлық жерде" жұмысшылар қозғап отырған мәселелердің талқыланбағаны жөнінде "дұрыс емес ақпарат" тараған. Оның айтуынша, 14 қарашада ереуіл басталған кезде "жұмысшыларда жеті талап болған, қазір төртеуі толық орындалған".

Хасеновтің сөзінше, ереуіл салдарынан тәулігіне шамамен 100 тонна [мұнай] шығын келіп жатыр.

🔸 Жаңаөзенде 14 қарашадан бері "Өзенмұнайгазға" қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшыларының ереуілі жалғасып жатыр.

🔸 Бір күн бұрын ереуілшілердің бірі Азаттыққа берген сұхбатында "ереуіл жалғасып жатыр, ереуілшілердің саны көбейді" деп мәлімдеген.

Видео: "Власть"

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

💬 Газа секторындағы соғысты тоқтату туралы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарары қабылданбады. Құжатқа АҚШ қарсы дауыс берген

АҚШ "ХАМАС қарулы ұйымы кепілдегі адамдарды түгел босатуы керек" деді. Ал қарарды қолдаушылар қарапайым палестиналықтар аштан бұратылып жатыр дегенді алға тартты.

Батыс террористік ұйым деп таныған ХАМАС тобы Израильге басып кіргенде 251 адамды кепілге алған. Бүгінге дейін олардың 120-дан астамын аман-есен босатып, 30-дан астамының мәйітін қайтарған.

БҰҰ қарары Палестина халқы азық-түлік тапшылығына қатты душар екені айтылып жатқан кезде қаралды. Қытай, Франция, Ұлыбритания өкілдері "қарапайым халық аштықтан бұратылмасын десек, соғыс аяқталуы керек" деген пікір айтты.

ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына қарағанда, соғыстан 43 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан. Соғыс былтыр қазанда ХАМАС қарулы ұйымы Израиль шекарасын басып кіріп, 1200 адамды өлтіргеннен кейін басталған.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🗣 Ресей биыл наурыздан бастап Солтүстік Кореяға миллион баррельден (56 мың тонна) аса мұнай жеткізген. Британдық Open Source Centre зерттеу орталығы спутниктен түсірілген суреттерді талдап, осындай қорытындыға келген.

🇷🇺🇰🇵 Ұлыбританияның жетекші сарапшылары мен сыртқы істер министрі Дэвид Лэммидің ВВС-ге айтуынша, Солтүстік Корея Украинаға қарсы соғыс жүргізіп жатқан Ресейге көмектесу үшін қару-жарақ пен сарбаз жіберсе, Мәскеу Пхеньянға мұнай берген болуы мүмкін.

Open Source Centre-дің талдауына сүйенген ВВС агенттігінің жазуынша, кейінгі сегіз айда Солтүстік Кореяның оннан астам танкері Қиыр Шығыстағы Ресейдің мұнай терминалына 43 рейс жасаған.

🔎 Теңіздегі танкерлер суреті олардың Ресейге ештеңесіз барып, құр қол қайтпағанын көрсетеді.

Солтүстік Корея ядролық бағдарламасына байланысты БҰҰ санкциясына ілінген. Оған жылына 500 мың баррельден аса мұнай сатып алуға тыйым салынған.

🛢 Open Source Centre Мәскеу үшін миллион баррель (56 мың тонна) түк те емес дейді, ресми мәліметтерге сәйкес, Ресей бір күнде одан он есе көп мұнай өндіреді.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🗣 Ресей президенті Владимир Путин Украинаға орта қашыққа ұшатын жаңа баллистикалық "Орешник" ракетасымен соққы жасағанын мәлімдеді

Оның сөзінше, бұл – Киевтің "америкалық және британдық алысқа ұшатын қару түрлерін" пайдалануына жауап. Бұл жөнінде Путин 21 қараша кешке видеомәлімдемесінде айтты.

Днепрге баллистикалық ракетамен соққы жасалғаны 21 қараша күндіз белгілі болған.

🇺🇸🇬🇧 Путиннің сөзінше, оның алдында 19 және 21 қарашада америкалық және британдық ATACMS және Storm Shadow ракеталары Ресейдің Курск және Брянск облыстарындағы нысандарға соққы жасауға пайдаланылған.

Путин Курск облысында шетел ракеталары командалық пунктті нысанаға алғанын растады. Оның сөзінше, қаза болғандар мен жараланғандар бар, бірақ олардың санын нақтыламады. Дегенмен оның айтуынша, командалық құрам зардап шекпеген.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

⚡️⚡️⚡️ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, президент әкімшілігі басшысына және күштік құрылымдар жетекшілері мен барлық әкімге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Парламент палаталарының төрағалары қабылданып жатқан іс-қимыл туралы хабардар етілді. Бұл жөнінде президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасында хабарлады.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

📹 Мемлекет қаржысына қазақша дыбысталған шетел фильмі шықпай жатыр. Неге?

21 қарашада сенаттың жалпы отырысында осы мәселе де көтерілді.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов былтыр Голливудтың 15 блокбастері мен анимациялық фильміне бөлінген қаржы аударма болмаған соң бюджетке қайтарылды деді. Оған басты себеп – шетел фильмдерін қазақ тіліне аударуға қойылған шарттар.

🗣 "Өте қиын екі шарт бар. Ірі дистрибьютор компаниялардың оны іске асыруға мүмкіндігі жоқ. Бірінші шарт – әрбір туындыны қазақ тіліне аудару алдында онлайн сауалнамадан өтуі керек, ол бірнеше ай болады. Екінші шарт – тек үлкен рейтинг көрсете алатын я Голливуд туындылары ғана болуы керек. Осы екі шартты орындауға 3-4 ай кетеді. Ол кезде [фильмнің] тұсаукесері де өтіп кетеді, ешқандай қызығушылық танытпайды" деді Ысқақов.

Оның сөзінше, мәдениет және ақпарат министрлігі бұл екі шартты жеңілдету бойынша мәжіліске заң жобасын енгізген. Ысқақов дистрибьютор компаниялар қазір қазақ тіліне сұраныс көбейген соң өз қаржысына шетел фильмдерін аударып жатыр деді.

📺 Биыл жазда Қазақстанда "Ойжұмбақ 2" анимациялық фильмі қазақша дубляжда шықты. Туынды Disney компаниясының қаражатына қазақшаға аударылды. Кейін "Гадкий я 4", "Веном: соңғы би», "Жабайы робот" фильмдері де компаниялар есебінен қазақша дубляжда көрерменге жол тартты. Жыл соңына дейін кинотеатрларда "Моана 2", "Муфаса. Арыстан патша" анимациялық фильмдері көрсетілмек.

📥 "Власть" сайтының жазуынша, 2024 жылы фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қаржыландыратын бірыңғай оператор Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы дубляждауға арналған фильмдер байқауына бес рет өтінім қабылдауды жариялаған, алайда олардың ешқайсы өтпеген. Орталықтың хабарлауынша, бірде-бір өтінім түспеген.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🗣 Оралда сот отырысынан хабар таратқан журналисті ұрған

Оқиға 20 қарашада Орал қаласындағы сотта болған. Журналист Талғат Омаров 22 жастағы Нариман Рагуфтың өліміне қатысты іс бойынша апелляциялық алқа отырысына қатысқан.

🔸 Бірінші инстанциядағы сот айыпталушы Ерназ Сәтпаевты – 12 жылға, Ержан Қадырбаевты 7,5 жылға бас бостандығынан айырған еді. Апелляция үкімді өзгертпеді.

Судья сот қаулысын оқып, сот залынан шыққаннан кейін айыпталушы Сәтпаевтың әкесі Жанқабыл Сәтпаев журналисті оң қолымен ұрған. Омаровтың сөзінше, соққы бас сүйегі мен тамағына тиген. Бір сағаттан кейін Сәтпаев журналиске хабарласып, кешірім сұраған.

🗣 "Менде ешқандай жарақат жоқ. Ешқандай шығын келген жоқ. Соққы жанап өтті. Бірақ оқиға сотта болды. Мен ешкімге сұрақ қойған жоқпын, ештеңеге араласқан жоқпын. Мені аяқ астынан ұрды, арсыздық пен ессіздіктен тіксіндім" дейді Омаров 21 қарашада Азаттыққа.

Мәдениет және ақпарат министрлігі журналист Омаровты адвокатпен қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🗣 Джо Байден әкімшілігі Конгреске Украинаның 4,65 млрд доллар қарызын кешіретінін хабарлаған. Бұл жөнінде Bloomberg жазды

Агенттік қолына түскен хатқа сәйкес, бұл – АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп қызметіне кіріскенге дейін Киевті қолдауға бағытталған соңғы қадамның бірі.

Киевтің қарызын кешу "Украинаға жеңіске жетуге көмектеседі, АҚШ пен оның Еуроодақ, "Үлкен жетілік" және НАТО-дағы серіктестерінің мүддесіне сәйкес" делінген мемлекеттік департаменттің 18 қарашада Конгреске жазған хатында.

Бұған дейін Байден әкімшілігі Украинаға қару-жарақ және өзге көмек ретінде 60 млрд доллар бөлуге ықпал еткен.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🗣 Сенат Ұлттық қордан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңды мақұлдады

Ал республикалық бюджет туралы заңға түзетулер енгізіп, мәжіліске жіберді.

2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға 135 түзету енгізіліп, түзетулердің жаңа редакциясы және мәжіліс мақұлдаған өзге баптар мақұлданды.

"Заңның жекелеген баптарын мақұлдамау және көрсетілген баптардың жаңа редакциясымен заңды мәжіліске қайтару туралы қаулы" дауысқа салынып, заң жобасы мәжіліске қайтарылды.

❗️ Биыл да бюджет қаражатының жетпеуіне байланысты үкімет Ұлттық қордан 5,3 триллион теңге алмақшы. Бұл жөніндегі заң жобасын бұған дейін мәжіліс мақұлдаған.

❗️ Үкімет есебінде Қазақстанның үш жылға жоспарланған бюджетінде үш салаға басымдық берілген. Олар – азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, білім беру саласын қолдау және халықты медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Одан бөлек қаржының көп бөлігі тұрғындарды таза сумен, жылумен және электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

💬 2022 жылдың басынан 2024 жылдың қазанына дейін 6665 ресейлік Қазақстан азаматтығын алған, оның 2199-ы – қандас

Бұл туралы ішкі істер министрлігінің жауабына сүйенген "Власть" сайты хабарлады.

🇷🇺 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіріп, кейін қыркүйекте мобилизация жарияланған. Сол жылы ресейліктер көрші елдерге ағылған еді. Оның арасында Қазақстан да бар.

🪪 ІІМ мәліметінше, 2022 жылы 1436 ресейлік Қазақстан азаматтығын алған, 484-і – қандас. Биыл он айда 1724 ресейлікке Қазақстан азаматтығы берілген, 412-і – қандас.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

💬 Талғарда күдікті қашып кеткен уақытша ұстау изоляторының басшысы мен бір қызметкері жұмыстан босатылды

Бұл туралы ішкі істер министрлігінің жауабына сүйенген Tengrinews.kz хабарлады. ІІМ "Салғырттық" бабы бойынша тергеу басталды, қылмыстық іс бойынша лауазымды адамдардың іс-әрекетіне баға беріледі деді.

Бұдан бөлек, қызметтік тексеруден соң 12 адам қатаң тәртіптік жауапқа тартылған, соның ішінде изолятор басшысы мен жауапты қызметкері ішкі істер органынан босатылды деп мәлімдеді министрлік. "Қамаудан қашу" бабы бойынша да тергеу басталған.

"Зорлау" бабы бойынша күдікке ілінген ер адамға 22 қазанда іздеу жарияланған еді. 25 қазанда полиция оны ұстағанын хабарлады.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

💬 Алматы соты Азаттықты "Жалған ақпарат тарату" бабы бойынша кінәлі деп тапты

Іс Шымкент тұрғыны Әлішер Тұрабаевтың 2024 жылғы 13 қарашадағы арызы негізінде қозғалған. Тұрабаевтың жазуынша, биыл 13 қыркүйекте Азаттықта жарық көрген видеода журналист Данияр Әділбековтің ұсталуы туралы жаңалықта "жалған ақпарат" болған.

Онда "кеше 12 қыркүйекте оған прокурор 8 жыл түрме жазасын сұрады" деген ақпарат айтылады. Тұрабаевтың айтуынша, бұл кезде "прокурор мұндай тұжырым жасай алмайтын еді" себебі, іс бойынша жарыссөз тек 16 қазанда басталған.

🔸 Азаттық радиосы видеоматериалда аудармада техникалық қате кеткенін мойындады әрі оны түзетуге әзір екенін білдірді.

Бірінші отырыста Әлішер Тұрабаев талап арызы негізді екенін айтты. Азаттықтың Алматыдағы өкілдігінің директоры Қасым Аманжол материалда жалған емес, қате ақпарат кеткен деп түсінуді сұрады. "Жалған" деген – жала, әдейі адастыру, алдау не арандату мақсатында қолданылатын сөз" деді ол.

🔸 20 қарашада Алматының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты Азаттық радиосының өкілдігін Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 456-2 бабының 2-тармағын бұзды деп, айыппұл салу жөнінде шешім шығарды. Сот Азаттықтың "қатені ішінара мойындап, түзетуге әзірміз" деген уәжін қабылдамады.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🗣 Құрмашевадан бөлек, баспасөз еркіндігі сыйлығын Газа секторында жұмыс істеген палестиналық журналист, продюсер және зерттеуші Шрук Ал Айла, Гватемала журналисі, медицина қызметкері және тарихшы Кими де Леон, Нигердің танымал журналист-зерттеушілерінің бірі, репортаждары үшін ұсталып, қамалған Самира Сабу иеленді.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

💬 АҚШ-та республикашыл конгрессмен Мэтт Гетц АҚШ бас прокуроры және әділет министрі қызметіне үміткер болудан ресми түрде бас тартты

Оның кандидатурасын жаңа сайланған президент Дональд Трамп ұсынған.

Гетц жыныстық құлдықпен байланысты адам саудасына қатысы бар және есірткі пайдаланды деген күдікке ілінген. Оның мәлімдеуінше, бұл іс Трамптың жаңа әкімшілігін дайындау процесіне кедергі келтіруі мүмкін.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🔴 Қазақстанның Украинадағы елшілігі: эвакуация бойынша өтініш түскен жоқ

🗣 "Елшілік жұмысын тұрақты түрде атқарып жатыр. Ешқандай дүрлігу жоқ" деп жауап берді Киевтегі елші Дархан Кәлетаев Азаттыққа.

22 қарашадағы дерек бойынша, Украинада Қазақстанның 1789 азаматы консулдық есепте тұр. Оның ішінде тұрақты есепте – 1193 адам, уақытша есепте 596 адам бар. Нақты 300-ден астам адаммен телефонмен байланыста отырмыз деді Кәлетаев.

🇰🇿🇺🇦 20 қарашада елшілік Украинадағы әуе шабуылдары жиілеуіне байланысты қауіпсіздік үшін Қазақстан азаматтарына ел аумағынан кетуге үндеген. Қалетаев мұндай мәлімдеме 3 ай сайын беріліп отырады деді.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

💬 Әскери сарапшы Ян Матвеев "Орешник" ресейлік "РС-26 "Рубеж" әскери зымыран кешенінің өзгертілген нұсқасы болуы мүмкін деп топшылайды.

21 қараша кешке Кремльдің телеграм-арнасында жарияланған видеоүндеуде Владимир Путин Ресей әскері орта қашықтыққа ұшатын жаңа қару түрі – "Орешник" деп аталатын зымыранды Украинаға қарсы қолданып, іс жүзінде сынап көргенін айтқан.

🗣 "Олай болса, бұл жүйе қымбат және көп таралмаған, әдетте мұндай ракеталар жылдар бойы құрастырылады" деді Ян Матвеев.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

💬 Бір бөлігін Украина күштері бақылауда ұстап отырған Ресейдің Курск облысында Солтүстік Корея әскерінің генералы жараланды

Ол Украина әскерінің соққысы кезінде жараланған деп айтылады, алайда оқиғаның жай-жапсары белгісіз. Бұған дейін Солтүстік Корея әскерінің Курск облысына жіберілгені белгілі болған.

🔸 Ақпарат әу баста The Wall Street Journal басылымында жарияланды. Осылайша Батыстың ресми тұлғалары алғаш рет Солтүстік Кореяның жоғары лауазымды әскери тұлғасы жараланғанын растаған.

Оның алдында The Wall Street Journal Курскідегі Пхеньян жасағына Солтүстік Корея қарулы күштері бас штабы жетекшісінің орынбасары генерал Ким Ен Бок жетекшілік етеді деп жазған.

🔸 2024 жылы маусымда Ресей мен Солтүстік Корея стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған кезде Ким Ен Бок көпке көріне бастады.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

💬 Премьер-министр Олжас Бектенов Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты министрлермен шұғыл кеңес өткізді

Үкіметтің баспасөз қызметі Бектенов қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың стратегия және инфрақұрылым нысандарын қорғау бойынша істеліп жатқан жұмыстар туралы тыңдап, мемлекеттік органдар әрекетін күшейтуге бірқатар міндет қойды деп хабарлады.

Тұрақтылық пен қоғамдағы тәртіпті сақтау, көлік қатынасы қауіпсіздігі, денсаулық сақтау нысандарының қызметі және басқа да мәселелерге назар аударылды деді үкіметтің баспасөз қызметі.

Ресей күштері Украинаның Днепр қаласын зымыранмен шабуылдағаннан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен жергілікті әкімдік басшыларына қауіпсіздік шараларын нығайтуды тапсырды. Бұл туралы жұмаға ауған түні Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

💬 Алматыда бұрынғы күйеуі бензин құйып өртеген әйелдің арызы бойынша істе алдын ала сот басталды

Бұл жөнінде адвокат Айнара Айдархан Азаттыққа хабарлады. Сот басталмай тұрып өткен баспасөз жиынында жәбірленуші Индира Тергеубаева мен адвокаттары құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі салдарынан бір адам өліп (жәбірленушінің бензин құйып, өртеген бұрынғы күйеуі өрт кезінде қаза болған), бір адам мүгедек болып қалғанын айтып, "істе бір ғана адам күдікті танылған, біз бұған келіспейміз, кемінде төрт адам жауапқа тартылуы керек" деп мәлімдеді.

Олардың сөзінше, өрттен кейін бес операцияны бастан кешірген Индира Тергеубаева прокуратураның табалдырығын тоздырып жүріп, 20 айдан кейін әрең "жәбірленуші" статусына ие болған.

Іс төрт рет жабылып, жәбірленуші жақ президент пен ішкі істер министрінің қабылдауына жеткен кезде ғана жылжи бастаған.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

⚡️ Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен елдің бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантты Газа секторында әскери қылмыс жасады деген айыппен тұтқындауға ордер берді

Қарашаның басында Нетаньяху Галантты қызметінен босатқан. Ол министрге енді сенімі жоғын айтқан.

Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот ХАМАС жетекшісі Мұхаммед Дейфті де тұтқындауға ордер берді.

Биыл тамызда Израиль күштері Дейф 13 шілдеде Газа секторында Израильдің әуе шабуылынан қаза тапқан деп мәлімдеген. Reuters-тің жазуынша, ХАМАС мұны жоққа шығарған да, растаған да жоқ. Сот оның өлімі туралы ақпарат жинауды жалғастырады деп жазды BBC агенттігі.

ХАМАС тобы АҚШ пен Еуроодақта, Израильде "террористік ұйым" деп танылған.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🗣 Ресейлік әуе компаниялар елдегі Airbus A320/А321neo ұшақтарының жартысын пайдалануды тоқтатты

Санкция салдарынан тасымалдаушылар ұшақ қозғалтқыштарын жөндеуде қиындыққа ұшыраған. Бұл жөнінде "Коммерсант" сайты жазды.

Ресейдегі әуе компаниялары 34 Airbus ұшағынан бас тартқан, ал елде олардың жалпы саны – 66. Лайнерлердің бір бөлігі ресурсты үнемдеу мақсатында сұраныс көбейетін маусымға дейін резервке шығарылған, ал 15-20 борт ұша алмайды деп жазды сайт.

🇰🇿 Санкция астында қалған Мәскеу бұған дейін өзіне "дос" санайтын мемлекеттерден Ресей ішінде жолаушыларға арналған әуе рейстерін ұйымдастыруға көмектесуді сұраған. Бұл туралы Ресейдің көлік министрі Роман Старовойт мәлімдеді. Ол бұл мәселеге байланысты Қазақстанмен келіссөз жүріп жатыр деп айтқан.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

💬 Украина қарулы күштері 21 қараша таңертең Днепр қаласына әртүрлі зымыран атылды деп хабарлады. Киевтің мәліметінше, олардың арасында құрлықаралық баллистикалық зымыран, "Қанжар" және жеті Х-101 қанатты зымыраны бар.

Әуе қорғаныс жүйелері алты Х-101 зымыранын атып түсірді деді Украина әуе күштері.

Днепр мэрі соққы салдарынан мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығының ғимаратына зиян келді деп хабарлады. Ондағы қазандық қирап, терезелер шағылған.

Ресей қорғаныс министрлігі Днепрге соққы туралы хабарға пікір білдірген жоқ.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🔴 Сенат "орыс тілі жөніндегі ұйым құру туралы" шартты мақұлдады

Құжатты таныстырған сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин "ұйымның мақсаты – қатысушы елдердің орыс тілін қолдау мәселелері бойынша өзара жан-жақты әріптестікті нығайту" деп мәлімдеді.

🇰🇬🇺🇿🇹🇯🇷🇺🇧🇾 Оның сөзінше, аталған келісім Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусьте күшіне енген. Ел аумағында келісімді жүзеге асыруға ғылым және жоғары білім министрлігі жауапты болмақ.

💸 Құжат аясында шараларды атқару үшін 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 131 млн теңге қарастырылған.

Бір күн бұрын мәжіліс депутаттары аталған құжаттың қабылдануы көп жағдайда "сыртқы саясат үшін" қажет деп айтқан еді. 21 қарашада талқылауға қатысқан жалғыз депутат Әлішер Сатыбалдиев сол ойды қайталады.

🔺 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы қазанда Путинмен ТМД жанынан орыс тілін қолдайтын және дамытатын халықаралық ұйым құруды ұсынды. Сол жылы желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен саммитте Тоқаев 2023 жыл ТМД ұйымы аумағында орыс тілі жылы болатынын мәлімдеді. Бұл елде екіұдай пікір тудырған.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🔴 Бірі қалдық жейтін шыбын өсіреді, бірі қаладан органикалық қоқыс жинайды, енді бірі пластиктен қолөнер туындысын жасайды — алматылық табиғат жанашырлары елдегі қоқыс мәселесін шешуге, жаһандық жылыну процесін баяулатуға үлес қосып жүр.

Азаттық тілшісі Мақпал Мұқанқызы олардың жұмысын көріп қайтты.

🔗Сілтемеден өтіп көріңіз

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🗣 Грузияда парламент сайлауын қайта өткізуді талап етіп жатқандар көшедегі акцияны уақытша тарқатып, жаңа жоспар дайындауға оқталып отыр

Мұны оппозициялық "Өзгерістер үшін коалициясы" жетекшілерінің бірі Зураб Жапаридзе айтты деп хабарлады Азаттықтың Грузин қызметі. Жапаридзенің сөзінше, қазір үкімет көшедегі акцияларға назар аударып жатқан жоқ.

📣 Бұған дейін оппозиционерлер Тбилиси орталығында көп шатыр тігіп, қайта сайлау өткізу туралы талап орындалғанға дейін кетпейтінін мәлімдеген. 19 қарашада полиция Тбилиси университетінің ғимараты алдындағы шатырларды алып тастады, бірақ наразылар басқа көшеге көшкен еді.

🇬🇪 Грузия оппозициясы 26 қазандағы парламент сайлауының қорытындысын мойындамады. Олар дауыс беру кезінде бұрмалау мен заңсыздықтар болды деді. Биліктегі "Грузия арманы" партиясы сайлау нәтижесі бұрмаланды деген айыптауды жоққа шығарады.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

🗣 Алматы мен Астанада жасанды интеллект көмегімен адамның бет-жүзін танитын жүйе іске қосылды

Ол іздеуде жүрген адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қалған заттар жөнінде хабар беруге, заңсыздықтарды автоматты түрде тіркеуге, көліктерді анықтауға мүмкіндік береді деп хабарлады ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Мұндай камералар теміржол вокзалдарында, әуежайларда, қонақүйлерде, сауда орындарында, көшелерге орнатылған. Осындай жүйе көмегімен Астанада іздеуде жүрген – 46 адам, Алматыда 30 адам табылып ұсталған.

📹 Бұған дейін Азаттық Қазақстанда кеңінен қолданылатын қытайлық Hikvision мен Dahua Technology өнімдерінің қауіпсіздігі мәселесін зерттеп көрген.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

💬 Украина әскері алғаш рет британдық Storm Shadow ракеталарын Ресейге қарсы шабуылда пайдаланған болуы мүмкін

Бұл жөнінде Bloomberg, сонымен бірге британдық The Guardian және BBC ақпарат агенттіктері хабарлады.

🚀 Ақпарат құралдары ракеталардың нені нысанаға алғанын нақты жазбаған. Алайда болжам бойынша, нысаналардың арасында Курск облысындағы Ресей президент ісі жөніндегі басқармаға тиесілі санаторий да бар болуы мүмкін. Ондағы жертөледе Ресей әскерінің командалық пункті орналасқан деп айтылады, Солтүстік Корея сарбаздары да сонда болуы мүмкін деп жазды украиналық Defense Express басылымы.

🇬🇧 Ұлыбритания билігі әзірге ақпаратты растаған жоқ, терістеген де жоқ.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Читать полностью…
Subscribe to a channel