Тәуелсіз елге тәуелсіз ақпарат! Radio Azattyq на русском ➡️ @radioazattyq ❗Телеграм-арнамыздағы материалдарды бөліскенде бізге сілтеме беруді сұраймыз. 📍Website: https://www.azattyq.org 📍Instagram: https://www.instagram.com/azattyq/
🔴 Қазақстанның Украинадағы елшілігі соғыс болып жатқан елге әуеден шабуыл артуына байланысты Қазақстан азаматтарын шайқас жүріп жатқан жерлерге жақын аумақтан я елден кету жағын қарастыруды ұсынды
❗️ Елшілік азаматтарды әуе шабуылы туралы ескертуге құлақ түруге, паналайтын орынға дереу баруға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және ресми органдар ұсыныстарын орындауға шақырды.
🇵🇱🇲🇩 Елшілік Украинадағы Қазақстан азаматтары Польша немесе Молдоваға жетіп, әрі қарай коммерциялық рейспен елге бара алады деді. Польшадан кету үшін Қазақстан азаматтарына Шенген визасы қажет, Молдоваға кіру үшін виза керек емес.
Кейінгі айларда Ресей Украина астанасы мен өзге қалаларға шабуылды үдетті. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, әзірге Ресейдің ауқымда шабуылы 17 қарашада жасалған. Ол күні ел аумағына 120 зымыран мен 90 дрон ұшып келген.
🇺🇸 Киевтегі АҚШ елшілігі Украинадағы Америка азаматтарына 20 қарашада Ресей әуеден жаппай соққы беруі мүмкін деп ескертті. Елшілік сайтында жарияланған хабарламаға сәйкес, дипломатиялық ведомство ықтимал шабуыл туралы "нақты ақпарат" алған.
❗️ Шабуыл қаупіне байланысты Грекия, Испания және Италия да Киевтегі елшіліктерін уақытша жапты.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
📹 Қарашаның басында Астанаға сапармен келген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан мен Ресей бірлескен тарихшылар тобын құрғалы жатыр деп мәлімдеген
Бүгін сол туралы парламент мәжілісінің депутаты Айдос Сарымнан сұрап көрдік.
🗣 "Біріншіден, Қазақстан Ресейсіз-ақ, басқа мемлекетсіз-ақ өз тарихын өзі жазып жатыр. Мемлекеттік комиссия құрылған. Қазақстан тарихы қазір 12 томға татып қалды, соның жұмысы жалғасып келеді. Екінші мәселе – екі ел арасындағы қарым-қатынас. Оған ортақ тарихымыздың ішіндегі қиянат, қылмыс, басқасының бәрі жағымсыз немесе теріс я кері ықпал ететіні анық. Сол мәселелерді қоғам емес, кәсіби тарихшылар саралауы қажет" деді Айдос Сарым.
Депутат Еркін Әбіл 2018 жылы Қазақстан-Ресей тарихшылары тобы құрылған деді. Сөзінше, содан бері бірнеше кездесу өтіп, монографиялар шыққан. Пандемия басталған соң жұмыс тоқтап қалды, қазір қайта жаңартылып жатыр деді ол. Айтуынша, 26 қарашада Астанада жұмыс тобының кезекті отырысы өтпек, оған Ресей тарихшылары да келеді.
🗣 "[Ресеймен] ортақ көп тарихи оқиғамыз бар, Ресей империясы, Совет одағы кезінде болған. Негізгі мәселе – сол мәселелерді бірлесіп зерттеу. Ұлттық тарихымыз бойынша негізігі деректердің көбі, 18 ғасырдан бастап 1991 жылға дейін Ресей архивтерінде сақталып жатыр. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғысты Ресей архивтеріне бармай зерттеу мүмкін емес" деді Еркін Әбіл.
📚 Ал кейбір қазақстандық тарихшы қуғын-сүргін құжаттарына әлі күнге дейін толық қол жеткізе алмай жатқанын, кей тақырып әлі де Ресей ықпалына байланысты ашық талқыланбайды деген пікір айтқан.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Өткен аптаның соңында Қырғызстанда жергілікті кеңеске сайлау өтті. Сайлауға бірнеше күн қалғанда полиция оппозициялық Социал-Демократиялық партияның кеңсесіне тінту жүргізіп, ұйымның белді мүшелерін қамауға алды.
Партия басшысы Темірлан Сұлтанбеков пен сайлауалды науқан жетекшісі Ирина Карамушкина дауыс сатып алмақ болды деген айыппен ұсталған.
Социал-демократтардың қылмыстық қудалау салдарынан 16-17 қарашада өткен қалалық кеңеске сайлаудан шеттетілуі қырғыз режимінің плюрализмге аллергиясы барын тағы да көрсетті.
🇰🇬 Президент Садыр Жапаров пен оның одақтастары билікке келгелі төрт жыл ішінде Қырғызстанның "авторитар Орталық Азиядағы демократиялық аутсайдер" деген беделі көп соққыға ұшырады. Ақпарат құралдары, азаматтық қоғам мен биліктің саяси қарсыластарын қудалау басталды.
Бұл тенденция әдетте қызу, тартысқа толы өтетін Қырғызстан сайлауы көп ұзамай көрші елдердегідей шараға айналып кетеді деген қауіп туғызды.
🔗Сілтемеден өтіп оқыңыз
❤️Азаттыққа жазылыңыз
📹 Декларация: кімдер тапсырмайды, кімдерге міндетті?
Мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік және жеке компания басшылары, құрылтайшылары (25 пайыздан астам және одан да көп акция иеленген болса), олардың жұбайлары, Қазақстаннан тыс жерде активі бар, дербес салық салынатын табыс алған тұлғалар декларация тапсыруға міндетті.
Бір жылда 20 мың АЕК-тен (74 млн теңге) астам қаржыға сатып алу жасаған азаматтар да декларация тапсыруы керек.
💸 20 қарашада журналистердің бірі қаржы министрі Мәди Тәкиевтен "бір азамат 80 млн теңгеге пәтер алды делік, 40 млн теңгені өзі жинаған, қалған 40 млн теңгені банктен қарызға алған. Мұндай жағдайда декларация тапсыру керек пе?" деп сұрады. Министр "мұндайда қаржының екі көзін көрсетіп тапсыру керек, қарыз болса да [саналады]" деді.
🔸 15 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елде цифрландыру саласы дамып, ортақ мәліметтер базасы пайда болды, қаржы және салық бақылауы күшейді. Мұндай өзгерістерден кейін төртінші кезеңдегі азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет" деп айтқан еді.
🔸 19 қарашада премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылы жеке табысы туралы есеп беруге тиіс болған 8 миллион адамды бұл міндеттен босату туралы қаржы министрлігінің ұсынысын қолдады. Төртінші кезеңде жеке тұлғалар, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен студенттер декларация тапсыруға тиіс болған.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Мәжіліс "орыс тілі жөніндегі ұйым құру туралы" шартты қолдап дауыс берді
84 депутаттың 82-сі қолдады, 1 адам қарсы, 1 депутат қалыс қалды.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи "Қазақстанда орыс тілі мәселесі жоқ, қазақ тілі мәселесі бар" деді.
🗣 "Орыс тілінің тағдырына Қазақстанның алаңдайтын жөні жоқ. Бұл халықаралық қордың құрылуы Қазақстан үшін тіл мәселесі емес, сыртқы саясатқа қатысты өте маңызды мәселе болмақ. Қорыта келгенде, президент Тоқаевтың дипломатиялық саясатына дес беріп, мен осы заңды тісімді шықырлатып отырып қолдаймын. Қоғам да бұған түсініп қарайды деп ойлаймын. Қазір дүрілдеп, теңселіп, тербеліп тұрған әлемде біз үшін басқа балама қадам жоқ деп түсіну керек" деді депутат.
Депутат Айдос Сарым "орыс тіліне Ресейдің жеке дара меншігі деп қарамауымыз абзал. Әлемде қанша адам, қанша қоғам орыс тілін тұтынатын болса, сол арқылы ақпарат алып, тарататын болса, орыс тілі солардың да ризығы, игілігі" деді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы қазанда Путинмен ТМД жанынан орыс тілін қолдайтын және дамытатын халықаралық ұйым құруды ұсынды. Сол жылы желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен саммитте Тоқаев 2023 жыл ТМД ұйымы аумағында орыс тілі жылы болатынын мәлімдеді. Бұл елде екіұдай пікір тудырған.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Солтүстік Қазақстанда биыл сепаратизм және "ұлтаралық алауыздық қоздыру" бабы бойынша 14 адам сотталған
Бұл жөнінде Бас прокуратураға сүйенген жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
Қарашада Петропавлда екі адам "сепаратистік әрекеті үшін" түрме жазасын алған. "Олар "Чат Рулетка" сайтындағы YouTube видеохостингі арқылы Қазақстан тұтастығына нұқсан келтіруді насихаттағанын жоққа шығарды" деп жазылған хабарламада. Прокуратура мәліметінше, олардың кінәсін Instagram және TikTok желілерінде жарияланған видеолары дәлелдеген.
Биыл Солтүстік Қазақстан облыстық соты сепаратизм және "ұлтаралық алауыздық қоздыру" бабы бойынша 14 адамға қатысты 10 істі қараған.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Астана мен Белград ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе алмасуға келісті
Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сербияға сапарында айтты. Ақорданың жазуынша, бұдан бөлек, екі ел арасында ғарыш, телекоммуникация, қорғаныс өнеркәсібі, білім, туризм салаларында бірқатар келісімге қол қойылған.
Тоқаев Белградпен өнеркәсіп, көлік-логистика, "жасыл" энергияға көшу саласында, әскери өнеркәсіп кешенінде бірлескен жобаларды іске асыру жоспарда бар деді. Ол Қазақстанда инвестиция жобаларын жүзеге асыратын Сербия бизнесмендеріне үкімет қолдау көрсетуге дайын деп мәлімдеді.
Қазақстан президенті Сербиядан соң Венгрияға барды. Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев Будапештке мемлекеттік сапары кезінде Венгрия билік және бизнес өкілдерімен кездеседі.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Reuters-тің Пентагондағы дереккөзі: Украина армиясы Ресейді сегіз ATACMS зымыранымен атқылады, Ресей екеуін құлатқан
Reuters агенттігінің Пентагоннан хабар тарататын тілшісі ведомстводағы дереккөзге сүйене отырып, Украинаның ATACMS-пен Ресей аумағына қалай соққы жасағанын жазды. Оның ақпараты Ресейдің ресми хабарынан басқаша.
Шенеуніктің айтуынша, Украина сегіз ATACMS зымыранын атқан, Ресейдің әуе қорғанысы тек екеуін атып түсірген. Ресей қорғаныс министрлігі "Брянск облысындағы нысанға алты зымыран атылды, оның бесеуін атып түсірдік" деп айтқан.
🇺🇦 Украина қарулы күштерінің бас штабы Ресей аумағын атқылауға ATACMS зымырандары қолданылғанын растады, бірақ жай-жапсарын айтпады.
17 қарашада Батыс басылымдары АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Украинаға Ресей аумағын АҚШ қаруымен атқылауға рұқсат берді деп хабарлады. Ақ үй бұл туралы әлі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Түрмеде отырған марафоншы, белсенді, "Алға, Қазақстан!" партиясын тіркеу жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Марат Жыланбаев аштық жариялағаны хабарланды
18 қарашада белсендімен адвокаты Мейіржан Досқараев кездескен. Адвокаттың айтуынша, марафоншы соттың өзіне шығарған шешіміне наразылық білдіріп, 13 қарашада мерзімсіз аштық акциясын бастаған.
Жыланбаев түрмедегі санитария жағдайы нашар, тамақ дұрыс берілмейді және адвокаты мен достарына қоңырау шалуға мүмкіндік жоқ деп те шағымданған.
Азаттық түрме әкімшілігінен бұл ақпаратты растай алмады. Ақмола облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №4 мекемесі пікір бермеді. Азаттық мекемеге арнайы сауал жолдады.
🗣 "Марат өзін [тіркелмеген] оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының лидері болғаны үшін ғана заңсыз соттады деп санайды. Ол 15 қарашадан бері тәртіптік оқшаулау камерасында отыр" деді адвокат Досқараев.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🔴 Ресей қорғаныс министрлігі Украина ATACMS ракетасымен Брянск облысындағы әскери нысанға шабуыл жасады деп мәлімдеді
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Путин Ресейдің жаңарған ядролық доктринасын бекітті
Жаңарған құжатта ядролық қару қолдану шарты көбейген және мұндай мүмкіндік "әуе-ғарыш құралдарымен шабуыл басталғаны туралы сенімді ақпарат" алған кезде және олар Ресей шекарасынан асатын болса қарастырылады. Олардың қатарында дрондар да бар.
🇷🇺 Мәскеу енді ядролық қаруы жоқ кез келген елдің ядролық қаруы бар мемлекеттің қатысуымен я қолдауымен Ресейге қарсы агрессиясын "бірлескен шабуыл" деп қарастырмақ.
Бұдан бөлек, Ресейге ядролық оқтұмсықтарсыз-ақ баллистикалық зымыран жіберу (ATACMS квазибаллистикалық қару деп саналады) ядролық қару қолдануға себеп болуы мүмкін.
🇧🇾 Тағы бір жаңа тармаққа сәйкес, Ресей Беларусь "егемендігіне қауіп төнген кезде" ядролық қару қолдана алады.
Ресей президенті бұл жарлыққа Байден әкімшілігі Украинаға Ресей аумағын АҚШ қаруымен атқылауға рұқсат берді деген хабар тарағаннан кейін екі күн өткен соң қол қойды.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
⚡️ Украина қорғаныс күштері алғаш рет Ресей аумағына америкалық ATACMS баллистикалық зымырандарымен соққы жасады деп хабарлады дереккөзіне сілтеген "РБК-Украина" сайты
Қорғаныс құрылымдарындағы дереккөздің айтуынша, соққы Брянск облысы Карачев қаласындағы әскери нысанға тиген. Ресей күштері бұл жайлы әлі пікір білдірген жоқ.
Карачев Украина шекарасынан шамамен 130 шақырым жерде орналасқан деп жазды РБК.
Украина қарулы күштері бас штабының мәліметінше, 19 қарашаға қараған түні Брянск облысындағы Карачев маңында 1046-жабдық орталығының арсеналы жойылған.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Өзін республика деп жариялап алған Абхазияның президенті Аслан Бжания қызметінен мерзімінен бұрын кетті
Бжанияның қызметтен кетуін оппозиция талап еткен. 15 қарашада Сухуми қаласында Ресей-Абхазия "инвестиция келісіміне" наразы адамдар үкімет ғимараты кешені айналасындағы қоршаудың бір бөлігін бұзып, парламент ғимаратына іргелес жатқан аумаққа, содан кейін парламент үйі мен президент әкімшілігіне басып кірді.
🗣 "Абхазия Республикасы Конституциясының 65-бабына сәйкес, елде тұрақтылық пен Конституциядағы тәртіпті сақтау мақсатында мен Абхазия Республикасының президенті қызметінен кетемін" деп жазылған билік пен оппозиция арасында бірнеше сағатқа созылған келіссөзден кейін Бжания қол қойған құжатта.
Тараптар қол қойған келісімге сәйкес, Бжания қызметтен кету туралы өтініш береді, ал үкімет ғимараты маңына жиналғандар 19 қарашада тарқайды: "бұл шарт орындалмаса, Абхазия президенті Бжания қызметтен кету туралы өтінішін қайтарып алады".
19 қарашада Абхазия парламенті Бжанияның қызметтен кететіні туралы өтінішін қарайды.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қарсы шыққан саха белсендісі әрі панк-музыкант Айхал Аммосов "Медиазона" сайтына берген сұхбатында Қазақстанда бір жыл қамауда отырып шыққан соң өзін сол елдің билік өкілдері қайтадан ұстап, ресейлік әріптестеріне беруге тырысты деп мәлімдеді.
Аммосов өзін Алматыда қамауда отырғанда танысқан әзербайжандар алып қалғанын айтқан.
Аммосовтың сөзінше, қамаудан босап шыққаннан кейін оған екі полиция қызметкері келіп, белсендіні көші-қон полициясына апаратынын айтқан.
🗣 "Якутиядан мені алып кетуге адамдар жіберді деп топшыладым. Кейін қамауда бірге отырған әзербайжан достарыма хабарластым" деді Аммосов.
Белсендінің айтуынша, полиция қызметкерлері оны көші-қон бөліміне апарғанда Әзербайжан таныстары бірнеше көлікпен келіп, полиция көлігін қоршап, олар мен полицейлер арасында диалог болған. "Кейін көші-қон бөлімінен бес күнге уақытша тұруға рұқсат алып шықтым" деді ол.
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы Аммосовтың сөзін растаған жоқ. Бюро директоры Денис Дживага Азаттыққа берген пікірінде Аммосовтың Қазақстаннан кету мәселесі ол қамауда отырған кезде шешілген деп айтты.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Ресей Украинаны Каспий теңізінен де, оның төңірегінен де атқылап жатқан болуы мүмкін
Бұл шабуылдар қаншама ғимаратты қиратып, қаншама кісінің өліміне әкелгені және теңіздегі қоршаған ортаға қандай зиян келтіргені әлі белгісіз.
Киев бұл жөнінде мәлімдеме жасап, Ресей 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргенде алғашқы күндері-ақ осы теңіздің үстінен жойғыш ұшақтарымен зымыран атқан және мұндай шабуылды кейін де жасаған деді
Каспий теңізінің төңірегінде тұратын адамдар да әскери зымыран ұшып бара жатқанын көрдік деген. Бірі тіпті зымыранның видеосын да жариялаған. Ұшу үлгісіне қарағанда, видеоға түскені – "Калибр" қанатты зымыраны.
Кей жергілікті тұрғын әскери қимыл салдарынан қоршаған орта ластанып жатыр деді.
🔗Сілтемеден өтіп оқыңыз
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Ресей президенті Владимир Путин Дональд Трамп қаңтарда АҚШ президенті қызметіне кіріскеннен кейін онымен Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылауға дайын
Путин соғысты майданның қазіргі сызығында тоқтатуға келіседі, алайда орыс әскері басып алған Украина жерінің басым бөлігінен бас тартпайды және Украина НАТО-ға мүше болмауға тиіс деген де шарт қойып отыр.
Бұл жөнінде дереккөздеріне сүйенген Reuters агенттігі жазды. Олардың арасында Ресейдің қазіргі және бұрынғы бес жоғары лауазымды өкілі бар.
🇷🇺 Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин келіссөзге ашық, алайда соғысты қазіргі майдан сызығында тоқтатуға келіспейді деп жауап берген. Песковтың сөзінше, Ресей "арнайы әскери операцияның" мақсатына жетуге ұмтылады.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
📹 Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірыңғай уақыт белдеуі жұртқа қалай әсер ететінін зерттеуге шамамен қанша қаражат жұмсалатынын айтты
🗣 "[Уақыт белдеуін зерттеу бойынша]: өтініш келді, үш жылдық бюджетке 160 миллион теңге сұрады, бірақ іс жүзінде шамамен 90-100 миллион болады деп ойлаймын. Өйткені конкурс жариялаймыз. Кеше ғана Жоғары ғылым-техника комиссиясының отырысы өтті. Біз конкурс жариялаған соң ұлттық ғылым кеңесі нақты бағасы анықтайтын болады" деді Саясат Нұрбек.
Журналистер министрден "бұл зерттеу қалай жүреді?" деп сұрады.
🗣 "Алгоритмнің жай-жапсарын білмеймін. Конкурс өткенде білетін боламыз. Оған бірнеше институт қатысады: физиология институты, география институты" деді ол. Министрдің сөзінше, бұл сауалнама емес – толыққанды зерттеу болмақ.
Қазақстан үкіметі бірыңғай уақыт белдеуіне өту дұрыс шешім болды деп санайды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев сағат белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешімді ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан орынды деп есептейді. Бірақ қоғам арасында оған байланысты көп сын айтылған.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Өзбекстан үкіметі отставкаға кетті
Үкімет жұмысында үзіліс болмас үшін қазіргі үкімет жаңа министрлер жасақталғанға дейін қызметте болады. 27 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесінде парламенттің жаңа палаталары жасақталған.
Жаңа парламент жасақталғаннан кейін бір ай ішінде президент барлық саяси партия фракцияларымен кеңескеннен кейін премьер-министр кандидатурасын заң шығарушы палаталарға ұсынады.
Кандидат министрлер кабинетінің қысқа әрі ұзақмерзімді жоспарын таныстырады. Кандидаттың премьер-министр болып тағайындалуына депутаттардың жартысынан астамының дауысы керек.
Премьер-министр таңдалғаннан кейін үкіметтің жаңа құрамы жасақталады.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Астанада бір топ белсенді әділет министрлігіне барып, "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу жөнінде 25-рет өтініш тапсырды. Олардың өтінішін министрлік өкілдері қабылдап алды.
Белсенділердің сөзінше, жалпы үш мыңнан астам адамның қолы өткізілген, 1600-ы өздерін видеомен растаған.
"Алға, қазақстандықтар" бірнеше жылдан бері партияларын тіркете алмай жүр. Бұған дейін министрлік өкілдері құжаттары заң талаптарына сәйкес емес екенін айтқан. Бұған келіспеген белсенділер оларды сотқа берген.
Сәрсенбі күні белсенділер министрлік ғимаратындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде ақпарат құралдарына өздерін толғандырған мәселе туралы айтпақ болған кезде оларға полицейлер келіп, залдан шығуды сұрады. Ал өтініш тапсырушылар "қаншама шенеуніктің Дубайдағы мүліктері туралы ақпарат шығып жатыр, неге соларды тергемейсіңдер, неге белсенділерді қудалайсыңдар?" деп ашуланды.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 АҚШ президенті Джо Байден Украинаға жаяу әскерді жоятын мина түрлерін жеткізуге рұқсат берді
Бұл жөнінде аты-жөнін айтпаған екі шенеунікке сүйенген The Washington Post басылымы жазды. Олардың сөзінше, АҚШ президенті әкімшілігі Украина әскерінің қорғанысын нығайту мақсатында осындай қадамға барған.
Бұған дейін Байден әкімшілігі жаяу әскерді жоятын мина түрлерін беруден бас тартып келген, себебі одан бейбіт халық зардап шегуі мүмкін деген қауіп айтылған.
Минаны беру туралы шешімді адам құқығын қорғайтын Human Rights Watch ұйымы сынады. Ұйым өкілі Мэри Уорхэм мина тіпті "жарамсыз" болып қалса да, бейбіт халыққа оның қаупі зор деп есептейді.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен 84,9 млрд йен (шамамен 547 млн доллар) қарыз алмақ
Мәжіліс "Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын қарауына алды. Келісім 11 қазанда Астанада жасалған.
🗣 "Қарызды өтеу мерзімі – 11 жыл. Қаржы ел экономикасының тұрақтылығын сақтауға бағытталған. Қаржы және бюджет комитеті осы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын" деді депутат Татьяна Савельева 20 қарашадағы мәжілістің жалпы отырысында.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🔴 Қазақстанда референдум өткен 6 қазанда бюллетеньді сайлау жәшігіне топтап салып жатқан адамның видеосы желіде тарап кетті. Содан бері екі ай уақыт өтті. Заң орындары ол видеодан еш қылмыс көрмейді, ал түсірдім деген адамдар үнсіз. Азаттық Factcheck.kz-пен бірлесіп зерттеу жүргізді.
🔗Сілтемеден өтіп көріңіз
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Норвегияда терроризм және жаппай адам өлтіру бабы бойынша 21 жылға сотталған Андерс Брейвик самайына Z таңбасын салып алды. Ол өзін мерзімінен ерте босату туралы өтініші қаралған сотқа осылай келген.
"Мерзімінен ерте босап шыққан жағдайда не істейсіз?" деген журналистер сұрағына ол "шетелге кетіп", "арнайы қызмет өкілдеріне әсіре оңшыл экстремизммен күресуге көмектесетінін" айтқан. Ол өзін "радикализацияның құрбанымын" деп атап, өзінің әрекетінен зардап шеккендерге өтемақы төлеуге уәде берген.
Брейвик 2011 жылы шілдеде Ослодағы үкімет ғимараттары орналасқан аумақта бомба жарып, сосын Утойя аралындағы жастар ұйымының жазғы лагерінде жаппай оқ атып, 77 адамды өлтірген. 2012 жылы 21 жылға сотталған.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
📹 ҚМБД мәһір мен қалыңмалды біріктірді
18 қарашада Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы неке қиған кезде қыз жігіттен сұрайтын мәһірге қатысты пәтуә шығарды. Басқарма мәһір мен қалыңмалды біріктірді.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
📹 Ресей әскері Бучаға басып кіргенде дүкенші Алексей Побегай қорғаныс еріктісіне айналды. Басқыншылар шегінгенде, Побегайдың мәйіті табылды. Азаттық қолға түскен телефон әңгімелері, бұрын жарияланбаған құжаттар мен видеолар, куәгер айғақтарына сүйеніп, марқұмның өмірі мен өлімі жайлы фильм әзірледі.
🔗Сілтемеден өтіп көріңіз
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Қазақстанда тіркелген компаниялар шетелден жабдықтар сатып алып, ізінше Ресейге жеткізіп отырған деген The Insider басылымы зерттеуінде аталған компанияларды сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бір күндік деп атады
Бұған дейін экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ұлыбритания санкциясына ілінген Қазақстандағы басқа компанияларды осылай сипаттаған.
🗣 "Мұндай компаниялармен күресу бойынша механизм құралдары бар, салық, кеден жағынан. Бір күндік фирмалар осындай жағдайға арнайы құрылады. Олар бір-екі келісім жасасып, не есеп, не ақпарат бермейді" деді Шаққалиев.
"Олармен күресу үшін нақты не істеліп жатыр?" деген Азаттық сұрағына министр бұл мәселе бойынша құрылған арнайы комиссия олар қайта тіркелмеуі үшін, жаңа фирма ашпауы үшін шара қабылдап жатыр деп жауап қатты.
❗️Өткен аптада The Insider басылымы жаңа журналистік зерттеу жариялап, Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесіп отыр деп қазақстандық 4 компанияның атын атады. Басылым Алматыда тіркелген компаниялар соғыста да қолдануға болатын екі мақсаттағы тауарларды Батыс елдерінен алғызып, Ресейге ұшақ арқылы жеткізіп отыр деп жазды. Оны кеден бекеттерінде толтырылған құжаттардан білген.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Қазақстан үкіметі бірыңғай уақыт белдеуіне өту дұрыс шешім болды деді
19 қарашада үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов ел аумағының көп бөлігі UTC+5 белдеуінде орналасқан деп мәлімдеді.
⏰ Биыл қаңтарда үкімет "Уақытты есептеу тәртібі туралы" қаулыға өзгеріс енгізіп, Қазақстанды UTC+5 белдеуіне көшіру туралы шешім қабылдаған.
Үкімет отырысында сөйлеген сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұл шешім қабылданатын кезде Қостанай мен Қызылорда облыстары азаматтарының бірнеше жыл бойы осы мәселені көтерген көптеген өтініші ескерілді деді. Министр UTC+5 белдеуі Қазақстан үшін жаңалық я тәжірибе емес, бұрынғы уақытқа оралуға тарихи негізделген шешім деп мәлімдеді.
📲 Шаққалиев бұл мәселеде арнайы білімі мен құзыреті жоқ адамдар әлеуметтік желілерде жағымсыз пікір білдіріп, өзіне қолайлы жағдай жасауға тырысып жатыр деді. Министрдің сөзінше, олар мұның "экономика мен азаматтардың денсаулығына теріс салдарын түсінбей, жаңсақ пікір қалыптастырып" отыр.
⚖️ Tengrinews.kz сайтының жазуынша, Өскемен қаласында тұратын Серікжан Ахметжанов есімді адам уақытты өзгерту туралы шешімді заңсыз деп тануды талап етіп, Қазақстан үкіметінің үстінен сотқа шағым түсірген. Ол Қазақстанды бірыңғай уақыт белдеуіне көшіру туралы шешім қабылданғанда халықтың пікірі ескерілген жоқ деп айтқан.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Еуроодақ пен Ұлыбритания Украинаға басқыншылық соғысын жүргізіп жатқан Ресейге көмектескен Иранға қарсы санкциясын жаңғыртты
Еурокомиссия теңіз жолымен жүк таситын Иран компаниясы мен оның директоры, сондай-ақ Каспий теңізіндегі сауда кемелері мен порттар санкция тізіміне енгізілді деді.
Онда ресейлік "МГ-Флот", "ВТС-Брокер" және "Арапакс" компаниялары бар. Астраханда тіркелген бұл компаниялар жүк тасумен айналысады. Олар Иран қару-жарағын, соның ішінде дрондар мен оның бөлшектерін Каспий теңізімен Ресейге жеткізуге қатысқан деп айтылған.
Ұлыбритания Иранның мемлекеттік Iran Air әуекомпаниясына, мемлекеттік теңіз тасымалы компаниясына және ресейлік "Порт Оля-3" кемесіне санкция салған.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Қазақстанда 1 АҚШ долларының ресми бағамы 500 теңгеге жақындап қалды
18 қарашада Қазақстан қор биржасындағы сауда қорытындысы бойынша, доллардың орташа сараланған бағамы 497,89 теңге (алдыңғы көрсеткіштен 1,88 теңге көп) болды.
💸 Kurs.kz дерегінше, дүйсенбі күні түстен кейін Алматы мен Астанадағы ақша айырбастау орындарында 1 доллар 500-502 теңгеден, ал Шымкентте 501 теңгеден сатылған. Семейде 1 доллар – 505 теңге, Ақтөбеде – 501 теңге, Ақтауда – 500 теңге, Оралда 504 теңге болған.
Қазақстандық экономист Арман Байғанов Азаттыққа берген пікірінде, АҚШ-та өткен президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жеткен соң теңге де әлсіреді дейді.
Сарапшы Қазақстанда кейінгі бірнеше жылда ұлғайған инфляцияны да теңгенің әлсіреуіне әсер еткен тағы бір маңызды фактор ретінде атады.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Жаңаөзенде әлеуметтік пакеттерді ұлғайтуды, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп 12 қарашада ереуілге шыққан "Өзенмұнайгаз" (ӨМГ) компаниясының жұмысшылары әлі тараған жоқ
🗣 "Өзенмұнайгаз" басшысы қайта-қайта келеді. Бірақ біз "ҚазМұнайГаз" басшысын шақырып отырмыз. Алты талабымызға жауабын әлеуметтік желіден оқыдық. Оған келіспейміз. "ҚазМұнайГаз" басшысы өзі келіп, жауапты арнайы құжаттармен дәлелдесін" деді аты-жөнін айтпауды өтінген ереуілшілердің бірі.
"Өзенмұнайгаз" — "ҚазМұнайГаз" ұлттық мұнай-газ компаниясының құрамына кіреді.
"Өзенмұнайгаз" жұмысшылар талабына жауап ретінде хабарлама таратып, оларды орындау мүмкін емес деп мәлімдеген. Компания жауабында ӨМГ зейнеткерлері мен денсаулығына байланысты жұмысқа жарамай қалғандардың баласын жұмысқа алу Жаңаөзендегі 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзады деп айтылған.
❤️Азаттыққа жазылыңыз