Путин ЛГБТ өкілдерін зерттейтін психиатрия институтын құруды тапсырды
Владимир Путин федерациялық психиатрия орталығы жанынан ЛГБТ өкілдерін зерттейтін институт құруды тапсырды. Бұл жөнінде бейсенбі күні жыныс ауыстыруға тыйым салатын заң жобасы қаралған Мемлекеттік дума отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко мәлімдеді.
ЛГБТ өкілдеріне сүйенген "Медуза" басылымы "Мурашконың мәлімдемесі Ресейде билік жалған ғылымға негізделген, "адамды гетеросексуал емес бағыттан айықтыруға көмектеседі-міс" делінетін психологиялық-физикалық мәжбүрлеу практикасының жиынтығы – конверсиялық терапияны енгізгісі келетінін көрсетеді, БҰҰ ұйымы мұндай тәсілді азаптауға теңеген" деп жазды.
t.me/azattyq
BBC зерттеуі: Украинада Ресей жағында соғысқан Орталық Азия елдерінің 93 азаматы қаза болған
Украинада Ресей жағында соғысқан Орталық Азия елдерінің кемі 93 азаматы қаза болған: 19-ы – Қырғызстанның, 34-і – Өзбекстанның, 40-ы – Тәжікстанның азаматы. BBC-дің Орыс қызметінің зерттеуінде осындай дерек айтылады.
Материал Ресей түрмелерінен "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы арқылы соғысқа жіберілген еңбек мигранттары туралы болған. Автор еңбекте Ресейде түрлі қылмыс бойынша сотталып, түрмеге түскен, кейін түрмеден Украинадағы соғысқа жіберілген бірнеше қырғыз азаматы туралы айтады.
t.me/azattyq
Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша келесі сот отырысы 19 маусымға қалды. Сот соңында бұрынғы министр ақпарат құралдарының бірді-екілі сұрақтарына жауап беріп үлгерді
t.me/azattyq
Екінші айыпталушы Азамат Қошенов тергеушілер мен прокурорлар “жоғарыдан келген бұйрықтарға тәуелді” екенін айтып, “мұндай жағдайда әділдік туралы не айтуға болады” деді. Ол "соңғы сөзінде" өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қуғын-сүргіннен аналогия келтірді.
t.me/azattyq
Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болды. Облыстық мәслихат депутаттары оның кандидатурасын мақұлдады. Ізінше тиісті жарлық Ақордада шықты. Заң бойынша, облыс әкімін мәслихат депуттарының мақұлдауымен президент тағайындайды.
58 жастағы Көшербаев 2020 жылдан бері Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған. Ол Шығыс Қазақстан облысы әкімдігін 9 жыл басқарған Даниал Ахметовті алмастырды.
t.me/azattyq
Пикет жасап тұрған ерлі-зайыпты зейнеткер Тарасовтардың алдына Глубоков ауданының әкімі шығып, далада ыстық екенін айтып, ішке кіруге шақырды
t.me/azattyq
Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен босатылды. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
Бүгін сағат 10-да Өскеменде мәслихат депутаттары ШҚО әкіміне кандидаттарға дауыс беретіні хабарланған
t.me/azattyq
АЭС және Тоқаев уәдесі, "аруақтар соты", "құзыретсіз" палата - AzatNews | 15.06.23
📌 Атом электр станциясын салу мәселесі референдумға шығарылмайды. Бұл туралы энергетика министрі мәлімдеді. Алайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС халықпен ақылдасып барып қана салынатынын айтқан.
📌Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оқ тиіп қаза тапқан бес адамға шыққан үкім өзгермеді. Сот марқұмдарды "мемлекеттік ғимараттарға шабуылдады" деген. Адвокаттар тергеу мен сот процесін әділ емес деп есептейді.
📌 Грекияда мигранттар мінген кеме аударылып, 80-ге жуық адам қаза тапты. Ал НАТО ұйымы қарымта шабуылға шыққан Украинаға көмекті аямайтынын айтты.
🔗КӨРУ
http://t.me/azattyq
Абай облысында орман өрті кезінде қаза болғандардың отбасына пәтер кілті тапсырылды
Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Семей қаласынан баспана қаза болған тракторшы Сергей Архиповтің де отбасына берілген. Орман өрті кезінде 15 адам қаза болды. Бұған дейін бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев журналистерге Архипов өрт құрбандары санатына жатқызылмағанын айтқан.
t.me/azattyq
Мұрат Әйтенов Шымкентте Путинді қолдайтын ресейлік тележүргізуші Елена Малышеваның клиникасы ашылады деген ақпаратқа түсініктеме берді. "Егер құжаттары дұрыс болса, ешкім тыйым салмайды" деді әкім.
Шымкентте Малышеваның орталығы ашылатыны жайлы жарнама жөнінде сұраққа жауап берген әкім "ешкім өтініш бермегенін" айтты
Абай облысындағы орман алқабы: өрттен кейін
Төтенше жағдай министрлігі өртті толық сөндіру үшін әлі 4-5 күн керек деп мәлімдеді
Видео: @Chukeyev
⚡15 миллионға сатылған мектеп имамның меншігіне қалай өтті?
Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында біршама уақыт бұрын оқушылар жаңа мектепке көшіріліп, ескі мектеп ғимараты сатылып кеткен. Оның себебін орнына балабақша ашатын инвестор іздеп жатырмыз деп түсіндірген. Содан бері меншік иесі бірнеше рет ауысқан мүлік ақырында белгілі дін өкілінің қолына өтіп кеткен. Уәде етілген балабақша ашылған жоқ. Азаттық мектеп қалай, неліктен сатылғанын, оны алған адамдарды не байланыстыратынын анықтап көрді.
ЗЕРТТЕУ
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасында бірнеше науқасқа ВИЧ жұққаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді. Бұл жөнінде Tengrinews хабарлады.
“Алматы бойынша ақпарат түсті. Комиссия жіберілді. Ауруханада таралуына жол бермеуіміз керек. Тексеру өткеннен кейін толық ақпарат береміз. Енді толық эпидемиологиялық зерттеу жүргіземіз. Инфекция қайдан, қалай жұққанын түсінуіміз керек, ауруханада таралмауына жол бермеуіміз қажет. Министрліктің, комитеттің ең мықты мамандары сол жаққа жіберілді” деді министр.
Оның айтуынша, былтыр 4 мың адам ВИЧ-пен ауырған. Оның алдындағы жылы бұл көрсеткіш 3,5 мың адам болған.
t.me/azattyq
Тараз әкімінің бұрынғы орынбасары Грузиядан экстрадицияланды
Ол "50 млн теңгеден астам мемлекет ақшасын ысырап қылды" және "билік өкілетін асыра пайдаланды" деген күдікке ілініп отыр. Қайсар Сарытай Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Оған 12 жыл түрме жазасы қаупі төніп тұр. Видеоны бас прокуратураның баспасөз қызметі жариялады.
t.me/azattyq
14 маусымда мәжіліс "Заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады.
Заң жобасының негізгі мақсаты "заңсыз иемденген және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару, активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз иемденуге ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру" деп айтылады.
t.me/azattyq
Өскеменде полиция ұлдарының өлімін әділ тергеуді талап етіп, пикетке шыққан екі зейнеткерді ұстады.
Олар таңертең мәслихат сессиясы өтетін ғимарат алдына келіп, 2013 жылы қаза болған ұлдарының өлімін тергеуді талап еткен.
“Полицейлер ұстаған кезде оларға күш қолданған (шынтақпен бетті ұрған). Валентина Тарасованың телефонын тартып алған. Оның қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем көлігі шақырылған. Сырылған жерлері тіркелді. Осының бәрін Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тұмашинов үнсіз бақылап тұрды. Ол сайлауалды науқан кезінде сайлаушыларын қорғауға уәде беріп, Тарасовтарға да келіп, өзін қолдауды сұраған еді” деп жазды құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.
Оның айтуынша, Тарасовтарды полицияда үш сағат ұстаған. Ұстау туралы хаттама толтырылмаған, зейнеткерлер адвокатты шақыруды талап еткенмен талаптары орындалмаған.
Полицияда Валентина Тарасованың жағдайы нашарлап, жедел жәрдем көлігі шақырылған. Дәрігерлер оны ауруханаға алып кеткен. Кейін сол жақтан екі зейнеткер үйлеріне қайтқан.
t.me/azattyq
Англияда фермада жұмыс істеген қазақтың хикаясы
Кейінгі жылдары Англияға фермаларда жұмыс істеуге баратын қазақстандықтар көбейді. Ақтаулық Асқар Сағитжан да былтыр досының ұсынысымен маусымдық жұмысқа кеткен. Англияға нәпақа іздеп барған қазақтың хикаясы.
Видео: Мигрант Медиа
t.me/azattyq
Шымкентте Қаңтар оқиғасында қайтыс болғандардың туыстары қала прокуратурасына барып, 5 млн теңге әлеуметтік көмек беру туралы талап қойды. Оларды қала прокуроры қабылдап, екі апта уақыт сұрады.
Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қаза болған. Бастапқыда құқық қорғау органдары оларға "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айып тағуға тырысқанымен, дәлел таба алмай, ақыры істері жабылып, қаза болғандар жәбірленуші деп танылған.
t.me/azattyq
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта "соңғы сөзін" айтты
Ол өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарып, “сот кезінде ақша жымқырғанын дәлелдейтін бірде-бір айғақ келтірілмегенін” атап өтті.
“Құрметті сот! Мен кез келген жазаға келісемін, тіпті атып тастаса да мейлі – бірақ тек ақша жымқыру емес. Қазақтың керемет мақалы бар. Өлімнен ұят күшті” деді.
Оған Астанадағы Ұлттық музей директоры болып тұрғанда "бюджет қаржысын жымқырды" деген айып тағылған. Сот сәуірде басталған.
t.me/azattyq
Азаттық тілшісі мәслихат сессиясы өтеді деген жергілікті университет ғимараты маңынан жағдайды баяндайды
t.me/azattyq
Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының сессиясы өтеді деген ғимарат алдында ерлі-зайыпты зейнеткер Тарасовтар пикет өткізіп тұр
Олар 2013 жылы қаза болған ұлдары – кәсіпкер Григорий Тарасовтың өлімін әділ тергеуді талап етеді. Мәслихат ғимаратында облыстың жаңа әкіміне кандидаттарға дауыс беру өтуге тиіс.
Азаттық тілшісін ғимараттың ішіне “алдын ала тіркелмедіңіздер” деп кіргізбеді.
t.me/azattyq
Шымкентте "аят, хадистерді дұрыс оқып, жаттамағаны үшін екі баланы сабаған" мешіт қызметкері жұмыстан босатылды. Қылмыстық іс қозғалды
Бұған дейін әлеуметтік желіде медреседе “аят, хадистерді дұрыс оқып, жаттамаған” 9 және 7 жастағы екі баланың көк ала қойдай сабалған видеосы тараған. Видеода ер адам балаларды молда "ұрып-сабағанын" айтады.
"Медресенің аты қандай?" деген сұраққа балалар "медресе емес, кәдімгі үй" деп жауап береді.
Видео тарағаннан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы балаларды ұрды деген “Таспау Сәлімбай” мешітінің қызметкері жұмыстан босатылғанын мәлімдеді.
Басқарманың айтуынша, оқиға Шымкент қаласында болған. Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары ағалы-інілі Ешмұратовтар “Таспау Сәлімбай” мешітінің ұстазы Рүстем Асқаровтан ұлдарына үй жағдайында діни сабақ беруді өтінген. Асқаров балаларға қол жұмсаған. Азаттық мешіт қызметкерінен жауап ала алмады.
Полиция “кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" бабымен (140-бап) қылмыстық іс қозғаған.
Парламент палаталарының бірлескен отырысы кейінге шегерілді
Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 21 маусымға белгіленген парламент палаталарының бірлескен отырысы кейінге қалдырылған. Қашан өтетіні әзірге белгісіз. Кейінге қалдырылуының себебі де айтылмайды.
Палаталардың бірлескен отырысы өтетіні туралы хабарлама мәжіліс сайтынан алып тасталды.
t.me/azattyq
«Неге тек халық көмектесуі керек, шенеуніктер қайда?» Желіде шенеуніктер мен олардың балалары сынға қалды
Абай облысында 15 адамның өмірін қиған орман өрті оқшауланды. Билік болған оқиғаға кінәлілерді іздей бастады. Ал желі қолданушылары шенеуніктер мен төтенше жағдай қызметкерлерінің әл-ауқатын салыстырып жатыр. Аймақта орман өрті өршіп жатқан кезде желіде облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың қымбат брендтерге оранған қызы Мәриям Ұранхаеваның және қымбат көлік айдаған Бородулиха ауданының бұрынғы әкімі Григорий Пинчуктың видеосы тарады. Оны көрген жұрт «неге шенеуніктер көмектеспейді?» деп шағымданып жатыр.
t.me/azattyq
Тоқаевтың уәдесіне қарамастан, АЭС мәселесі референдумға шығарылмайтын болды.
Бұл жөнінде энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов ҚазТАГ агенттігіне хабарлады.
Төтенше жағдайлар министрлігі елде төтенше жағдай кезінде қолданылатын техникалар жетіспейтінін мойындады.
“Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық жабдықталу [деңгейі] – 80 пайыз. Қазіргі кезде 3200 техника бар. Әлі 430 техника керек. 470 техниканың мерзімі 20 жылдан асып кеткен” деді бейсенбі күні сенат отырысында төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев.
Сенат отырысы кезінде елде өртсөндірушілер мен орманшылардың жалақысы төмен екені ( өртсөндірушілердің орташа жалақысы 180 мың теңге) айтылды.
Елде 121 өрт сөндіру бөлімі жетіспейді. Қазір 426 өрт сөндіру бөлімі бар. Бұл жеткіліксіз.
Ал елде барған сайын орман өрті жиілеп барады. Үш жыл бұрын 700 орман өрті тіркелсе, былтыр 757 орман өрті болған. Биыл жыл басынан бері 146 орман өрті, 700 дала өрті тіркелген.
t.me/azattyq
Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл басынан бері 31 тұрғын мен шетел азаматы терроризм бойынша күдікке ілініп, ұсталғанын хабарлады. Осы аралықта сот органдары 10 адамға түрме жазасын кескен.
Комитеттің 15 маусым күнгі хабарламасында Атырауда “терроризмді насихаттады” деп айыпталған бір азамат 5 жылға бас бостандығынан айырылғаны, Шымкентте “халықаралық террористік ұйымдары уағызшыларының ықпалына түскен” екі адам 7 жылға сотталғаны жазылған.
Алайда құқық қорғаушылар елде “терроризм” бабы билікті ашық сынап жүрген кейбір белсенділерге қарсы қолданылатынын сынап келеді.
Мамырдың соңында Семей соты "терроризмді насихаттады" деп айыпталған Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиевті 9 және 7 жылға бас бостандығынан айырған. Құқық қорғаушылар мен жақтастары "іс саясиланған" деп есептейді. Қорғау тарабы істе көп заңсыздық болғанын айтқан.
"Әлпиев пен Әлиев ісі" бойынша ақпарат мұнда.
t.me/azattyq
Маңғыстаудағы кен орнынан шыққан өрт қоршаған ортаны ластап жатыр
Маңғыстау облысында "Бозащы Мұнай" ЖШС кәсіпорнына қарайтын Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнында 9 маусымнан бері жанып жатқан ұңғыма аумағынан қоршаған ортаны ластайтын заттар табылды.
Мамандар мұны апат аймағындағы ауа мен топырақ сынамасын талдау кезінде анықтаған. Олар ластаушы заттар құрамында әсіресе метан көп кездескенін, нормадан бірнеше есе асып түскенін байқаған.
Бүгін, 14 маусымда Алматы қаласының соты Қаңтар оқиғасы кезінде қала орталығында оққа ұшып қаза болған бес адамның жақындарының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
2 мамырда Алматының Бостандық ауданының №2 соты оқ тиіп қаза болған бес адам – Серік Керімовті, Қанат Әубәкіровті, Нұрболат Қасымжановты, Аслан Уәлиевті және Шыңғыс Тастанбековті "жаппай тәртіпсіздікке қатысып, мемлекеттік нысандарға шабуылдады" деп соттаған. Сот бес адамды қаза табуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатқан. Марқұмдардың туыстары үкімге келіспей, оларды ақтауды талап етіп, апелляциялық шағым түсірген еді.
Шағымды қараған Алматы қаласы сотының алқасы бес марқұмды айыпты деп таныған алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Апелляциялық сотта марқұмдардың адвокаттары мен жақындары барлық айып алғашқы инстанцияда дәлелденбегенін, тергеу көрсеткен фото мен видеодағы адамдар жақындары емес екенін айтты.
Ал шағымды қараған сот алқасы "алғашқы инстанцияда іс заңға сәйкес зерделенді. Сотқа дейінгі тергеу барысында сараптамалар заңды және негізді тұжырымға келген. Сондықтан үкімді өзгертуге негіз жоқ" деп таныды.
Марқұмдардың жақындары бұл шешімге келіспейтінін, енді кассациялық сотқа шағым түсіретінін айтты.
t.me/azattyq
Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасында бес науқас ВИЧ жұқтырған. Бұл жөнінде 14 маусымда BES.media телеграм-арнасы хабарлады.
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы үш адам ВИЧ жұқтырғанын растады.
Ақпаратқа қарағанда, денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен науқастар қан құйдырғаннан кейін бір айдан соң ВИЧ-инфекциясына анализ тапсыруға тиіс болған. Оларға ВИЧ жұққаны сол анализ тапсырғаннан кейін анықталған.
Басқарманың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 маусымда вирус қайдан жұққанын зерттейтін комиссия құрылған. Комиссия донорлар мен медицина қызметкерлерін және олармен байланыста болған тұлғаларды тексерген. Олардан ВИЧ анықталмаған. Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті аурухананы тексеріп жатыр. Тексеріс жұмыстарына Қазақ тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу орталығының мамандары да тартылған.
t.me/azattyq