azattyq | News and Media

Telegram-канал azattyq - Azattyq - Азаттық

11875

Тәуелсіз елге тәуелсіз ақпарат! Radio Azattyq на русском ➡️ @radioazattyq ❗Телеграм-арнамыздағы материалдарды бөліскенде бізге сілтеме беруді сұраймыз. 📍Website: https://www.azattyq.org 📍Instagram: https://www.instagram.com/azattyq/

Subscribe to a channel

Azattyq - Азаттық

Орталық Азия басшыларының Кремльге адалдығы, Мырзахметовтің ұсталуы және Құлыбаев үшін "қолайсыз уақыт"

Батыс басылымдары бұл аптада Орталық Азиядағы бес елдің басшылары 9 мамыр күні Мәскеудегі әскери парадқа не үшін барғанын талдады. Одан бөлек Батыстың санкциялар туралы ескертуінен кейін Қазақстан өз аумағы арқылы Ресейге жөнелтілетін параллель импортқа тосқауыл қоюға талпынып жатқанын жазды. Сонымен қатар экс-президенттің күйеубаласы «Тимур Құлыбаевқа жақын» «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы жетекшісі Абылай Мырзахметовтің миллиардер үшін өте қолайсыз уақытта ұсталғанына назар аударды.

🔗ОҚУ

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Тоқаев Тайвань мәртебесі туралы айтты

Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Бұл "айдан анық" нәрсе. Қытайдың CCTV телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеген. Сұхбат 12 мамырда жарияланды.

"Екі Қытай" болмауы тиіс. Тайвань - Қытайдың бөлігі. Барлық мемлекеттің территориялық тұтастық принципі БҰҰ жарғысында жазылған, оны сақтау керек" деді Тоқаев.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Хромтауда 70 шахтер жалақы өсіруді талап етіп, шахтаға түспей қойды

12 мамыр күні Ақтөбе облысындағы Дөң кен байыту комбинатының 70 жұмысшысы жалақы көбейтуді талап етіп, шахтаға түспей қойды. Наразылар Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы Дөң кен байыту комбинатында жұмыс істейді. Олар "Тәуелсіздіктің 10 жылдығы атындағы" шахтада хром кенін өндіреді.

"Шахтада проходчик болып істеймін. Жұмысымыз өте ауыр. Айлығымызды көбейтсін! Басқа айтарымыз жоқ" деді Азаттық тілшісімен қысқа ғана тілдескен наразылардың бірі.

Шахтерлердің наразылығы туралы ақпаратты "Қазхром" трансұлттық компаниясы да, Ақтөбе әкімдігі де растап отыр. Әкімдіктің мәліметінше, наразылармен келіссөз жүргізіліп, жұма күні түстен кейін олар қайтадан шахтаға түскен.

"Жұмысшылардың бұл жолғы талаптары да ескеріледі" деп хабарлады "Қазхром" трансұлттық компаниясы. Бірақ шахтерлер жалақысының қай айдан бастап, қанша пайыз көбейетінін нақтыламады.

"Қазхром" шикізат өндірумен айналысатын, директорлар кеңесінде Александр Машкевич, Патох Шодиев және Шухрат Ибрагимов секілді белгілі олигархтар бар Eurasian Resources Group компаниясына тиесілі.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Кинорежиссерлердің наразылығынан суреттер. Алматы, 12 мамыр, 2023 жыл.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Наразылардың алдына ұлттық киноны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталық басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шүкенов шығып, наразылардың талаптары мен сұрақтарына кешкі сағат 5-ке дейін жауап беруге уәде берді.

Наразылардың бірі қордаланған мәселені шешу үшін арнайы комиссия құру жөнінде ұсыныс айтты. Оған мәжіліс депутаттары, мәдениет министрлік, ұлттық орталық өкілдері енсін деді.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Украина жағында соғысқысы келетін ресейліктер майданға Варшава арқылы барады.

Бұл жөнінде Орыс еріктілер корпусының бірнеше мүшесі Reuters-ке сұхбатында айтты. Агенттік екеуінің аты-жөнін жариялады: Данил Югославский және Макс Смит.

Сұхбат берген азаматтардың айтуынша, олар YouTube-тен соғысқа қатысу туралы үндеу көрген. Видеоны азаматтық кеңес жариялаған. Бұл кеңеске Югославский мен Смиттің айтуынша, варшавалық белсенділер кіреді. Олар Орыс еріктілер корпусына адамдарды тартумен айналысады.

Reuters-тің жазуынша, Польшада украиналық делдал бар. Ол шетел азаматтарына құжат рәсімдеуге көмектесіп, шекарадан өткенге дейін жанында болады.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Украина алғаш рет Батыс елдерінен 200 шақырымнан астам қашықтыққа бағытталған қанатты зымыран алды.

Бұл жөнінде ұлыбританиялық BBC ақпарат агенттігі хабарлады.

Ұлыбритания Киевке қазіргі заманғы Storm Shadow қанатты зымыранын берді.

Украина бұған дейін тек 80 шақырымға дейін ұшатын зымырандарды алып келген.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Алматыда Жазушылар одағының құрылтайы басталды. Оған құрамында 970 мүшесі бар одақтың 527 делегаты қатысып жатыр. Бүгін Жазушылар одағының төрағасы сайлануға тиіс. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Жиында 2018 жылғы құрылтайдан кейін қайтыс болған ақын-жазушылардың бәрінің аты-жөні оқылды.

Бұған дейін 2012 жылы және 2018 жылдардағы Жазушылар одағының құрылтайларына президент әкімшілігінің жоғары лауазымды қызметкерлері, министрлер қатысып, төраға сайлау процесін көрген. Бүгін лауазымды тұлғалардан әзірге ақпарат министрін ғана көзіміз шалды.

Қоғамда Совет Одағынан қалған ескі институттың қажет-қажет еместігі туралы мәселе жиі көтеріледі.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Путиннің "ата-анасының қабіріне жазба қалдырған" зейнеткер шартты түрде екі жылға сотталды

"Құрметті ата-ана! Ұлыңыз білгенін істеп жатыр. Тарих сабағына бармай, көрші партада отырғандармен төбелеседі, мектепті жарамын деп қорқытады! Шара қолданыңыздар!" деп жазылған.

Петербургте Путиннің ата-анасының қабіріне осындай жазба қалдырған зейнеткер Ирина Цыбанева "жерленгендерді қорлау ісі" бойынша шартты түрде екі жылға сотталды.

Жазбада ол [Путиннің] "ата-анасынан маньякті өздерімен бірге алып кетуін" де сұраған.

Сотта зейнеткер мұндай әрекетке Украинадағы соғыс туралы жаңалықты көргеннен кейін эмоцияға беріліп жасағанын, ядролық соққыдан қатты қорыққанын айтты. Ал прокурор Цыбанева Путин мен ата-анасын жек көргендіктен жазба қалдырды деп санайды.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Дәулеті артқан Назарбаев әулеті, "30 миллион доллар пара" - AzatNews | 11.05.23

📌 "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов "пара алды" деген күдікпен қамалды. Ақпарат құралдары параның көлемі "30 миллион доллар" екенін жазып жатыр.

📌 Forbes Kazakhstan журналы елдегі ең бай 50 адамның тізімін жариялады. Жаңарған тізімде биліктен кеткен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің бірнеше адамы бар. Кейбірінің дәулеті күрт көбейген, кейбірі рейтингіде төмендеген.

📌 Өтіп кеткен митинг, жиындар үшін азаматтық белсенділерді жауапқа тарту жалғасып жатыр. Алматыда екі адамға айыппұл салынса, Түркістан облысында бір адам 5 тәулікке қамалды.

🔗КӨРУ

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

C5+Пекин. Си Цзиньпин мен Орталық Азия лидерлері Қытайдағы саммиттен не күтеді?

Қазақстан Қытай азаматтарына визасыз режим енгізбек. Бұл шараға Қырғызстан да қосылуы мүмкін. Мұндай өзгерістердің артында не тұр? Визасыз режим өңірге қалай әсер етеді?

🔗ОҚУ

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Бірнеше сайлау науқанын тәуелсіз бақылаумен айналысқан 33 жастағы Арайлым Назарова биыл наурызда мәжіліс депутаттығына кандидат болды. Бұл — оның бірінші рет сайлауға түсуі. Қазақстанда кейінгі 19 жылдан бері алғаш рет азаматтар өзін-өзі мәжіліс депутаттығына ұсынуға мүмкіндік алды. Бір мандаттық округтерден сайланғандарға мәжілістегі 98 орынның 29-ы бөлінді. Азаттық радиосының түсірілім тобы сайлау қарсаңында Назарова үгіт-насихатты қалай жүргізгенін бақылады. Әділ сайлаудан үміті бар кандидаттың күресі мен жеңілісі жайлы деректі фильмді назарларыңызға ұсынамыз.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Алматыда тағы бір белсендіге айыппұл салынды

Белсенді Арайлым Назарова да 1 сәуір күнгі “Халық парламентінің” жиынына қатысқаны үшін өзіне айыппұл салынғанын хабарлады.

“Иә, қатыстым. Бірақ ол ешқандай да заңсыз жиын болған жоқ. Біз сайлаудан кейінгі өз ойымызды, пікірімізді бөлістік. Егер Жаңа Қазақстан демократиялық қоғам құрамын десе, азаматтық қоғамның ашық пікір айтуына тыйым салмауы керек” деп жазды белсенді Facebook-тегі парақшасында.

Бұған дейін полиция осы жиынға қатысқан белсенділер Инга Иманбай мен Аружан Дүйсебаеваны да "қоғамдық бірлестіктер туралы заңнаманы бұзды" (489-бап) деп айыптап, әрқайсысына 172 500 теңге айыппұл салған. Белсенділер шешіммен келіспеген.

1 сәуірде Алматыда "Халық парламентінің" өкілдері парламент сайлауындағы заңсыздықтарды айтып, оның ресми нәтижесін жоюды талап еткен.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Forbes: Құлыбаевтар алғашқы үштікте, Дариға Назарбаева 14-орында, Нұрәлі Әлиев 29-орында тұр. Экс-президенттің жақындары байи түсті

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың жиынтық табысы бір жылда 800 млн долларға көбейіп, Forbes нұсқасы бойынша, Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде алғашқы үштікте тұр. Forbes тізімінде экс-президенттің жақындары, оның ішінде Дариға Назарбаева 14-орында, оның ұлы Нұрәлі Әлиев 29-орында, Нұрбол Назарбаев 45-орында тұр.

Бір жылда табысы 400 миллионға азайса да, Қазақстандағы ең бай адамдар тізіміндегі бірінші орынды KAZ Minerals-қа иелік ететін 62 жастағы Владимир Ким сақтап қалған. Журнал оның байлығын 4,6 млрд доллар деп бағалайды. Ол Forbes-тің жалпы тізімінде 591-орында тұр.

Экс-президенттің немере інісі, Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев Қазақстандағы дәулетті адамдар тізімінде 45-орында тұр. Forbes оның байлығын 155 млн долларға бағалайды. Ол – Prime Capital Invest компаниясының құрылтайшысы, "PLS инвестиция-құрылыс компаниясы", PLS-TM компаниясы ("Алматы ауыр машина жасау зауыты" АҚ мажоритар акционері) иелерінің бірі.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Жемқорлықпен күрес агенттігі "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысына іс қозғалғанын растады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы жетекшісі Абылай Мырзахметовтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

"Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын растаймыз. Тергеу шаралары жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, қалған ақпарат таратуға жатпайды" деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазақстанның ақпарат құралдары Мырзахметов ұсталғанын да хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, ол 30 млн доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Мырзахметовтің тағылған айыптарға қатысты пікірі жөнінде ақпарат жарияланбады.

Абылай Мырзахметов "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қызметін 2013 жылғы қыркүйек пен 2022 жылғы ақпан аралығында атқарған. Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен кеткен.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Тәжікстаннан Ресейге жоғары технология өнімдерінің реэкспорты күрт артқан, ал жергілікті мақта-мата, көкөніс және кептірілген жеміс-жидек экспорты азайған.

Тәжікстаннан Ресейге жеткізіліп жатқан техника мен құрылғылардың тыйым салынған тауарлар тізімінде бар-жоғы әзірге белгісіз, бірақ Еуроодақ Орталық Азия елдеріне Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесті деген күдікпен қарап отыр.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Белсенділерді қудалау, Алматыдағы наразылық, Түркиядағы сайлау - AzatNews | 12.05.2023 жыл

📌 Алматыда кино саласының мамандары Киноны қолдау орталығын айыптап, президентке үндеу жолдады. Полиция оларға жиынның заңсыз екенін айтып, ескерту жасады.

📌 Өтіп кеткен митинг, жиындарға байланысты азаматтық белсенділерді қудалау әлі жалғасып жатыр. Тіркелмеген "Халық парламенті" тобының тағы бір өкіліне айыппұл салынды. Ал "Оян, Қазақстан!" қозғалысының мүшелері қудалауды тоқтатуды талап етіп, баспасөз жиынын өткізді.

📌 Түркияда 14 мамыр күні президент сайлауы өтеді. Алдын ала сауалнама нәтижелеріне қарағанда, қазіргі президент Режеп Тайып Ердоған жеңіліп қалуы мүмкін.

🔗КӨРУ

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

“Демпартия” өкілі Ырысбек Тоқтасынға да полиция келіп, 1 сәуір күнгі “Халық парламентінің” жиынына қатысты айыппұл салып кеткен. Белсендінің Facebook-тағы видеосында полицейлердің оған “тіркелмеген ұйымның” жиынына қатысқанын айтып тұрғаны көрінеді. Ал белсенді пікір айту құқығы барын айтып, шешіммен келіспейді.

Белсенді Инга Иманбайдың айтуынша, Ырысбек Тоқтасын – “Халық парламентінің” 1 сәуір күнгі жиынына қатысты айыппұл салынған 12-адам.

1 сәуірде Алматыда “Халық парламентінің” өкілдері “парламент сайлауындағы заңсыздықтарды” айтып, ресми нәтижесін жоюды талап еткен. Билік сайлауда "нәтижесіне әсер ететіндей ірі заңсыздық болмағанын" айтқан.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Мереке Құлкенов Жазушылар одағының төрағасы болып сайланды. Бұған дейін одақты басқарған Ұлықбек Есдәулет одақ басшылығынан бас тартатынын айтқан.

Құлкенов "Жазушылар оппозиция болмауы керек. Оппозиция деген – ол мемлекет басшысына қарсы деген сөз" деді.

Ол президент Тоқаевты мақтап, мемлекет басшысы жазушыларға жақсы көңіл бөліп жатыр, жағдайымыз жақсы болады деді.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Алматыда бір топ кинорежиссер наразылыққа шығып, ұлттық киноны қолдау үшін жарияланған байқаудың қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеді.

Жұма күні орталық кеңсесі орналасқан “Алматы” қонақүйінің алдына ондаған адам жиналды. Кейбірінің қолында “Президент Тоқаев! Кино орталығының былықтарына назар аударыңыз!”, “Ұлттық киноға – ұлттық менеджер” деген жазуы бар плакаттар болды.

Наразылардың пікірінше, комиссия байқау кезінде “өздері жақсы танитын” сценаристер мен режиссерлердің жобасын таңдаған, ал “шынымен де құнды еңбектер” ілінбеген.

Олар байқаудың алдын ала қорытындысын жарамсыз етуді, мәдениет министрімен кездесуді және ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының басшылығын отставкаға жіберуді талап етті.

Әкімдік өкілдері жиналғандарға шара заңсыз екенін ескертті.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

"Күйеуім қаза тапқан кезде жүкті едім". Қаңтар құрбандарының жесірлері

Қаңтар оқиғасында ері қаза тапқанда 10-нан астам әйелдің құрсағында нәресте болған. Сол сәбилердің алды бір жасқа толды. Оқиғадан бір жылдан астам уақыт өткенде осы әйелдердің кейбірі қандай сынақты көргенін әңгімелеп берді.

🔗ОҚУ

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Oyan, Qazaqstan белсенділері Алматыда жиын өткізіп жатыр

“Қозғалыс 2019 жылдан бері құрылды. Содан бері қозғалыс өкілдері қудалау мен қоқан-лоқыдан көз ашпай келеді” деді қозғалыс өкілдері.

Қазір аталған қозғалыстың өкілдері Дархан Шәріпов пен Влада Ермольчева Алматыдағы изоляторда қамауда отыр. Сот оларды "әділетсіз сайлауға қарсы" наразылыққа шыққаны үшін 15 күнге қамаған. Бір күн бұрын Ермольчева аштық жариялаған.

11 мамыр күнгі баспасөз жиынында қозғалыс өкілдері Дархан мен Владаны босатуды, белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап етті.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Жаңаөзенде аштық жариялаған жұмыссыздар денсаулығы сыр бере бастағанын айтты

Жаңаөзенде мұнай-газ саласынан тұрақты жұмыс талап етіп, аштық жариялаған жұмыссыз азаматтар денсаулығы сыр бере бастағанын айтты. 11 мамырда әлеуметтік желі мен мессенжерлерде жағдайы нашарлаған кемінде бір адамды дәрігерлердің ауруханаға апара жатқаны жайлы видео тарады. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен аурухана қызметкерлерінен Азаттық жауап ала алмады.

Белсенді Жадыра Досекеева 11 мамырда Азаттыққа екі адам ауруханада жатқанын, аштық акциясына қатысқандардың бірі әкімдікке келіссөзге кіріп кеткенін айтты. Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақовтың телефон нөмірі қоңырау қабылдамай тұрды.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

БАҚ: Жыл басынан бері Ресейге 35 мыңға жуық қазақстандық жұмыс іздеп барған

Биыл бірінші тоқсанда Өзбекстаннан Ресейге 630 859 адам жұмыс іздеп барған. Бұл жөнінде Ресейдің қауіпсіздік қызметі (ФСБ) хабарлағанын "Ведомости" басылымы жазды.
Басылымның мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы үш айында Ресейге 1 300 000 еңбек мигранты барған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,6 есеге көп.

Ресейге Тәжікстаннан 349 357 адам және Қырғызстаннан 172 591 адам барған.

Бұдан бөлек, Армениядан 47 337 адам, Қазақстаннан 34 783 адам Ресейге жұмыс іздеп барған деп айтылады.

Бұл – тек ресми тіркелген көрсеткіш.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

⚡️Қиындыққа мойымаған

СССР ыдырағанда қырғызстандық Юлдошев отбасы Қарағандыға көшеді. Олар осы күнге дейін түрлі себеппен құжат реттей алмай, үш ай сайын шекарадан әрі өтіп, қайтып келіп жүреді. Арада 30 жыл өткенде ғана олар қоғамдық ұйымның көмегімен құжатын заңдастырып, Қазақстанда тұруға ресми рұқсат алды.

КӨРУ

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Oyan, Qazaqstan қозғалысының мүшесі Влада Ермольчева аштық жариялады. Қозғалыстың хабарлауынша, 11 мамырда апелляциялық сот өтіп, оны 15 тәулікке қамау туралы шешім өзгеріссіз қалған.

Адвокаты Талғат Мейірманов белсенді қамаудағы мерзімі біткенше аштық жариялайтынын хабарлаған. Осыған дейін адвокат Ермольчеваның сотында көптеген процестік заңсыздық болғанын айтқан.

Белсенді қамауда отырған мекеменің кезекшісі Бауыржан Мамыталы Азаттыққа белсендіден "аштық жариялағаны туралы ескерту түспегенін", Влада Ермольчева мен Дархан Шәріповтің "жағдайы жақсы" екенін айтты.

Oyan, Qazaqstan белсенділері Влада Ермольчева мен Дархан Шәріповті сот осы демалыс күндері "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, 15 тәулікке қамаған. Екі белсенді президент және парламент сайлауына қатысты наразылық акциялары үшін сотталды.

Белсенділер шешімге қарсы болған.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Сенат спикері Forbes тізіміндегі қазақстандықтар туралы айтты

Forbes мәліметінше, былтыр қазақстандық миллиардерлердің капиталы ұлғайған.

Журнал тізімінде экс-президенттің жақындары, оның ішінде қыздары Дариға Назарбаева мен Динара Құлыбаева, күйеубаласы Тимур Құлыбаев, жиені Нұрәлі Әлиев пен немере інісі Нұрбол Назарбаев та бар.

11 мамырда Азаттық тілшісі сенат спикері Мәулен Әшімбаевқа “осы адамдардың қалай байығаны тергелуге тиіс пе?” деген сұрақ қойған.

Сенат спикері “ақпаратты көрмегенін”, бірақ “мұндай мәселелер заң аясында шешілуі керек” деп жауап берді.

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Журналист әрі белсенді Инга Иманбай полиция келіп, айыппұл салғанын хабарлады. Айтуынша, полиция оны 1 сәуірде Алматыда өткен “Халық парламенті” жиынына қатысқаны үшін айыптаған.

“Бұл – заңсыз ұйым, сол үшін айыппұл саламыз” деп хаттама толтырып әкелді. Сонда “Жаңа Қазақстан” деген осы ма? Митингіге шықса, заңсыз шеруге бардың деп соттайды. Жабық кабинетте жиын өткізсе, тіркелмеген ұйымның отырысы деп айыппұл тағады. Бұлар тіпті назарбаевтық кезеңнен де асып түсейін деп тұр ма? Бұрын митингіге шыққандарды соттайтын, қазір тіпті жабық жерде жиналыс өткізгені үшін де жазалайтын болған ба мыналар?” деп жазды белсенді Facebook-парақшасында. Ол шешімге келіспейтінін айтты.

Бір күн бұрын полиция “Демпартия” белсендісі Аружан Дүйсебаеваға осы жиын үшін айыппұл салған.

1 сәуірде Алматыда “Халық парламентінің” өкілдері “парламент сайлауындағы заңсыздықтарды” айтып, ресми нәтижесін жоюды талап еткен.

Сурет: Инга Иманбайдың Facebook-парақшасынан скриншот

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Жезқазғанда "Қазақмыс" жұмысшылары еңбек шартын жақсартуды талап етті

9 мамырда кешке "Қазақмыс Смэлтинг" компаниясының Жезқазғандағы мыс балқыту зауытында ондаған қызметкер жұмысқа шығудан бас тартты.

10 мамырда олар қайта жұмысқа шыққаны, бірақ жұмысшылардың бастамашыл тобы келіссөз жүргізу үшін басшылықпен кездесуді күтіп жатқаны хабарланды.

Жұмысшылар еңбек шартын жақсартуды, айлықты өсіруді, жылдық сыйақыны көбейтуді, бір айлық көлеміндегі тоқсандық сыйақыны қалпына келтіруді, жұмыс кестесін өзгертуді, зейнет жасын төмендетуді, 63 жастан асқан жұмысшылармен еңбек келісімін тоқтатуды және компанияның медицина орталығында жұмысшыларға және олардың отбасы мүшелеріне тегін қызмет көрсетуді талап етеді.

"Қазақмыс" компаниясы "жұмысшылар мәселесі шешілгенін" мәлімдеді.

t.me/RadioAzattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Көзден аққан қан. Қаңтаршылардың Өскемен түрмесінде көрген азабы

Әжетхана жуғызып, видеоға түсіру, ауызға резеңке таяқ тығу, "балаң басқа біреуді әке дейді" деп қыспаққа алу – былтырғы Қаңтар оқиғасынан соң "жаппай тәртіпсіздік жасады" деп айыпталып, кейін ақталып шыққан өскемендік төрт азамат абақтыда көрген азабын осылай сипаттайды. Жиырмадан жаңа асқан жас жігіт көз жанарынан айырылды. Бәрінің өмірі астаң-кестең болды. Олар абақтыдағы азапты айтып, шағымданғанымен, "дәлел жоқ" деген себеппен іс қозғалмай қалған. Ал ақталып шыққандарға азын-аулақ өтемақы төленген.

🔗ОҚУ

t.me/azattyq

Читать полностью…
Subscribe to a channel