🗣 Грузияда Еуропа Одағымен интеграция келіссөзін ысыра тұру туралы шешімге қарсы наразылыққа қатысқан 23 адамға қылмыстық іс қозғалды
13 адамның үстінен "Топ болып күш көрсетуге талпыну" немесе "оған қатысу", "Бұзақылық" баптары бойынша тергеу жүріп жатыр. Тағы бір адам жарылыс ұйымдастырмақ болды деген күдікке ілінген. Күдіктілердің аты-жөні айтылмайды, арасында шетелдіктер бар екені белгілі болды. Бәріне 9 жыл түрме жазасы төніп тұр.
Тағы 9 адамға қарсы "Қала мүлкін бүлдіру" және "Полиция өкілдеріне шабуыл жасау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
🇬🇪 Тбилиси, Батуми және Грузияның өзге қалаларында наразылықтың жалғасып жатқанына 8 күн болды. Наразылар ұсталғандарды босатып, парламент сайлауын қайта өткізуді де талап етіп отыр.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Киев Трамптың инаугурациясына дейін АҚШ-тан тағы бір көмек пакетін алады
🇺🇸🇺🇦 Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Вашингтонда Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермакпен кездесуде осылай деп айтқан. Бұл туралы Guardian газеті жазды.
Guardian мәліметінше, көмекке "жүздеген мың қосымша артиллерия снаряды, мыңдаған зымыран мен жүздеген беренді техника" кіреді. Бұдан бөлек, АҚШ Украинадан тыс жердегі нысандарда әскерилерді оқытуға көмектесуге уәде берген.
Бұған дейін Reuters агенттігі мен The Wall Street Journal газеті Андрей Ермак Трамп командасының өкілдері – ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші қызметіне кандидат Майк Уолц пен Ресей және Украина бойынша арнайы елші қызметіне үміткер Кит Келлоггпен кездесті деп хабарлаған. WSJ дереккөздерінің айтуынша, Ермак Вашингтонға Трамп көмекшілерімен қарым-қатынас орнату үшін барған.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған Қазақстан делегациясы Францияның атом саласындағы компанияларымен кездесті
🇫🇷 Қазақстан өкілдері атом электр станцияларының операторы EDF компаниясымен, АЭС-ке жабдықтар шығаратын Framatome компаниясымен, АЭС-ке арналған турбина жабдығын жеткізумен айналысатын Arabelle Solutions компаниясымен келіссөз жүргізді деп хабарлады энергетика министрлігі.
Делегация Францияның ядролық және радиациялық қауіпсіздік институтының (IRSN) дағдарыс орталығы мен атом электр станцияларына жабдық шығаратын зауытта болған.
Париж Астанаға АЭС салу жобасына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді деп мәлімдеді энергетика министрлігі.
🇰🇿 Ресми дерек бойынша, Қазақстанда биыл 6 қазанда өткен референдумда дауыс бергендердің 71 пайызы елде АЭС салуды қолдаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеген. Астана бұған дейін АЭС салуға Ресей ("Росатом"), Қытай (CNNC), Франция (EDF) мен Оңтүстік Корея (KHNP) компанияларын қарастырып жатқанын мәлімдеген.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Армениядан ҰҚШҰ-дан шығуға байланысты құжат түскен жоқ
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров осылай деп мәлімдеді. Оның алдында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереван өзін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан тысқары санайды деп айтқан.
🗣 "Мұндай құжат түскен жоқ. Бұл пікірталасты тыңдадық, Армения премьер-министрі ол жайлы парламентте егжей-тегжейлі айтты. Біз ешкімге ештеңе міндеттемейміз. Арменияға [ҰҚШҰ-ға] мүшелігін толық пайдалану керек деп сенеміз" деді Лавров.
Бұған дейін Армения ҰҚШҰ шараларына қатысуды тоқтата тұратынын мәлімдеген. Ереван биыл мамырда ұйымға қаржы қоспайтынын айтқан. Армян тарапы біраз уақыттан бері бірлескен әскери жаттығулар мен кездесулерге қатыспай жүр. Бірақ ресми түрде ұйымнан әлі шыққан жоқ.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🔴 Ресей билігі бүгінгі саясатын негіздеуде тарихқа жиі сілтейді. Алдымен Қырымды басып алып, сегіз жылдан соң Украинаға үлкен күшпен басып кірген Мәскеу бұл елдің тарихын жоққа шығарады.
Украина деген мемлекет болмаған, украин деген ұлт жоқ дегенге саятын мәлімдемені жиі айтады. Тіпті бір сөзінде Ресей президенті Владимир Путин қазақ мемлекеттілігіне де шек келтірген.
🇷🇺🇰🇿 Осы тұста Мәскеу мен Астананың тарих жазу ісіндегі белсенді әріптестігі Қазақстанда алаңдаушылық тудырып отыр.
Ресей президентінің Қазақстанға сапары аясында Астанада екі ел тарихшыларының форумы өтті. Бұл – Мәскеу мен Астананың тарих жөніндегі әріптестігінің ең кейінгі мысалы. Екі ел осы мәселені бұған дейін де талқылаған.
❓Бұл нені білдіреді? Мәскеу қазақ тарихын жазуға араласқысы келе ме?
Азаттық тілшісі Жолдас Өрісбайдың бүгінгі мақаласынан оқыңыз 👇🏻
🔗Сілтеме
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенттігіне қайта сайланған Дональд Трамппен телефонмен сөйлесті
Ақорданың хабарлауынша, олар сауда, инвестиция саласы, ядролық қаруды таратпау бағытындағы стратегиялық серіктестік туралы сөйлескен. Тоқаев пен Трамп екіжақты әріптестік бойынша байланыста болуға келіскен.
Трамп ресми қызметіне 2025 жылғы 20 қаңтарда ант беру рәсімінен кейін кіріседі.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
⚡️ Сирияда президент Башар Асадқа қарсы шыққан исламистік топтар 5 желтоқсанда Хама қаласына басып кірген. Бұл туралы топтың өкілдеріне сілтеме жасап, сириялық телеарналар хабарлап жатыр. "Хайат Тахрир аш-Шам" тобы Хама қаласындағы орталық түрмені алып, сотталғандарды босатқан.
Асадқа бағынатын әскер жихадшылардың қалаға кіргенін растап, қақтығыс басталғанын мәлімдеді.
АҚШ пен бірнеше елде террорлық ұйым деп танылған "Хайат Тахрир аш-Шам" ұйымы 27 қарашада Алеппо қаласын басып алған еді. Қазір бұл қала солардың бақылауында. "Хайат Тахрир аш-Шам" тобын негізінен Түркия қолдайды. Ал Асад режимі Ресей, Иран және Ливандағы шииттік "Хезболла" (АҚШ-та террорлық ұйым деп танылған) сенеді.
Хайат Тахрир аш-Шам" – Асад режимімен күресіп жатқан сунниттік жиһадшылар топтарының коалициясы. Топ 2017 жылы "Әл-Қаида" террористік ұйымының жергілікті бөлімшесінің базасында құрылды. Коалиция қазір "Әл-Қаидамен" байланысты жоққа шығарады.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Израильдің Газа секторындағы әрекетін палестиналықтарға қарсы геноцид деп атады
Ұйым зерттеу жүргізіп, баяндама дайындаған. Онда "2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильдің оңтүстігіне жасаған сұмдық шабуылынан кейін басталған әскери операция кезінде Израиль Газадағы палестиналықтар өмірін нағыз тозаққа айналдырды" делінген.
Amnesty International өкілі Аньес Калламардың айтуынша, Израиль Газада геноцид туралы конвенцияда тыйым салынған істерге барған.
🇮🇱 Израиль бұған дейін бірнеше рет "операция мақсаты – АҚШ пен Еуроодақта террористік деп танылған ХАМАС тобын жою" деп мәлімдеген. Топ мүшелері Газада туннельдер желісін салып, бүркемеленіп жүр деген ақпарат айтылды.
Amnesty International бұл ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылы сияқты палестиналықтардың қырылғанын ақтамайды деп есептейді. Ұйым Израильден де, ХАМАС-тан да кінәлілердің бәрін жауапқа тартуға және оларға санкция салуға, кепілге алынған адамдарды босатуға шақырды.
Калламар Израильге қару жеткізетін елдерге "геноцидке үлес қоспаңдар" деп ескерту жасады. Ол халықаралық қауымдастықты Газадағы геноцидті тоқтату үшін "қатаң шара қабылдауға" үндеді.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Жаңаөзенде "Өзенмұнайгазға" қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшыларының ереуілі тоқтады
Бұл жөнінде Азаттыққа мекеме жұмысшысы Ғазиз Махамбетов хабарлады.
🗣 "Бүгін таңертең жұмысшылардың барлығы жұмысқа шықты. Жұмысшыларды қудаламау және олардың жалақысын 100 пайыз беру туралы келісім жасалған. Жұмысшылар арасынан төрт-бес адам ереуілде айтылған талаптарды ҚМГ-ға жеткізу үшін Астанаға бармақ" деді Ғазиз Махамбетов.
Оның сөзінше, жұмысшыларға "талаптарыңды Астанаға апарып жеткізіңдер" деп шақырған. "Кім шақырды?" деген сұраққа БЖМ өкілі "Астанадан ба, басқа жақтан ба, білмеймін, нақты айта алмаймын" деді.
"ҚазМұнайГаз" компаниясы да "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшыларының толық жұмысқа шығып, ереуіл тоқтағанын хабарлаған.
ҚМГ-ның мәліметінше, "Бұрғылау жұмыстары басқармасының" кәсіподақ өкілдерімен кезекті келіссөз жүргізілген.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель елде "әскери жағдай енгізіп, осылайша бүлік ұйымдастырмақ болды" деген күдікке ілінді
🇰🇷 Оппозиция партиялары президентке импичмент жариялау процедурасын әзірлеп жатыр. Ол бойынша дауыс беру 6 желтоқсанда өтеді.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🔴 Еуропа мен Азияда косметика құрал-жабдығын өндіруші атын жамылып құрылған фирмалар желісі санкция бойынша тыйым салынған тауарларды Ресейге жеткізіп отырған.
Олардың қызметін Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін көп ұзамай санкцияға іліккен ресейлік металлургия магнаты, миллиардер Андрей Козицынның компаниясы пайдаланған.
"Система" жобасы Стамбұлдан Барселонаға дейінгі аралықта делдал компаниялардың шиеленіскен желісі қалай құрылғанын баяндап бермек.
🔗Сілтемеден өтіп оқыңыз
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Думан Мұхаммедкәрімнің адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырған журналист өзін Алматы облысындағы Заречный түрмесіне ауыстырмағанына наразылық ретінде денесін тілген, ізінше аштық жариялаған
🗣 "Талдықорғандағы тергеу изоляторында Думан Мұхаммедкәрімді екі күн суық карцерде бетон еденде жылы киімсіз ұстаған" деді адвокат "Республика" басылымына.
Оның сөзінше, апелляциялық шағымы өзгермеген соң журналисті Алматы облысындағы Заречный түрмесіне жіберуі керек болған. Себебі заң бойынша ол өзі тұратын аймақта жазасын өтеуі керек. Адвокаттың Азаттыққа айтуынша, журналисті Талдықорғанға "құжаттарды алғаннан кейін Заречныйға ауыстырамыз" деп "алдап апарып", камераға жапқан. Түрмеге ауыстыруды талап еткен кезде карцерге жапқан.
☎️ Түрме бастығы Әсет Ермаковқа Азаттық хабарласқан кезде тілшінің аты-жөнін екі рет сұраған ол "ұялы телефоныңызды қалдырыңыз, хабарласамыз" деді. Бірақ сол күйі хабарласпады.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Demoscope қоғамдық пікірді зерттеу бюросы "Қазақстандықтардың шетелге кеткен білікті мамандар туралы ойы" деген тақырыпта жүргізген сауалнама нәтижесін жариялады
❗️Оған сенсек, әр бесінші Қазақстан азаматы елден көшуді ойлайды, негізгі себеп – төмен табыс пен жарқын болашаққа деген күмән.
Сауалнама 2024 жылғы 13-24 қараша аралығында PaperLab зерттеу орталығымен бірлесе отырып жүргізілген. Оған Қазақстанның 17 облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкенттен 1100 адам қатысқан.
🧳 Сауалнама нәтижесіне қарағанда, азаматтардың 6,9 пайызы алдағы 2-3 жылда елден көшуге ниетті. 5,6 пайызы көшуді жоспарлап отырғанымен, әзірге мүмкіндігі жоқ, ал 8,4 пайызы белгілі бір жағдай болса, көшу мүмкіндігін қарастырып отыр. 78,5 пайызы "жақын арада елден кетуді жоспарлап отырғаным жоқ" деп жауап берген.
🗣 "Көшіп кетуге ең көп ниет білдірген азаматтар – жастар мен орта жастағы адамдар арасында байқалды" деп жазылған есепте.
Сауалнамаға сәйкес, азаматтардың 39,2 пайызы алдағы 3-5 жылда Қазақстаннан білікті мамандар көп кетеді деп санаса, 21,7 пайызы елге мигранттар ағымы артады деп ойлайды.
❗️Зерттеу авторларының ойынша, мемлекеттік басқару сапасын арттырмаса, кәсіби кадрларды қолдауға бағытталған шаралар қабылданбаса, Қазақстаннан білікті мамандардың кету тенденциясын өзгерту өте қиын болмақ.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🔴 Тәжікстанда билікті басып алып, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған деп айып тағылғандардың шулы сот процесі өтіп жатыр.
Сотталушылар қатарында бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер, соның ішінде бұрынғы ішкі істер министрі, Жоғарғы кеңестің бұрынғы төрағасы, ұлттық қауіпсіздік қызметінің полковниктері бар. Сот процесі жабық, ал іске қатысы бар адамдар жария етпеу туралы құжатқа қол қойған.
🇹🇯 Бақылаушылар бұл Эмомали Рахмонның "ұлы Рустамның жолын ашу үшін" билікті сынайтындарға "көз қылып" істеп отырғаны деседі.
Әйтсе де, "төңкеріс жасау талпынысы" Орталық Азияның басқа елдерінде де болған. Оларда да билік басында отырғандар саяси бәсекелестерінен әлгіндей баптың көмегімен құтылды деп санайды.
🔗Сілтемеден өтіп оқыңыз
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Тбилисиде "Өзгерістер үшін коалициясының" жетекшісі Ника Гварамия және оппозициялық "Қуатты Грузия" коалициясы жетекшілерінің бірі Александр Элисашвили ұсталып, соққыға жығылды. Бірқатар оппозиция партиясында тінту жүрген. Бұл жөнінде "Неміс толқыны" жазды.
Михаил Саакашвилидің "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" ұйымының кеңсесін полиция "топпен күш көрсетуді ұйымдастыру" қылмыстық ісі аясында тексеріп, тінткен. ІІМ жеті адам ұсталғанын хабарлады.
Тбилисиде наразылықтың жетінші күні мыңдаған адам парламент ғимаратына алдына жиналды. Олар Ресей туын өртеген.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
📹 Сенат спикері Мәулен Әшімбаев ішкі инфляцияның теңгеге әсері туралы айтты
🗣 "[Валюта] бағамы абстрактілі мәселе ғана емес. Ол сонымен бірге елдің экономикалық ахуалына әсер ететін іс жүзінде нәзік сұрақ. Нақты жағдайда валюта бағамының өсуі – импортталатын тауарлар құнының өсуі есебінен туындаған ішкі инфляцияның қосымша факторы. Бұл айдан анық. Бір мезетте ішкі инфляция да біраз өскен. Ол валюта бағамына әсер етіп, теңгені әлсіретеді" деді спикер сенат отырысында.
Кейінгі айларда Қазақстанда теңге құнсызданып, доллар қымбаттаған. Қарашада бір доллар құны 500 теңгеден асып, желтоқсан басында Қазақстан қалаларындағы ақша айырбастау орындарында рекорд көрсеткішке жетті.
🇷🇺 Еуразия экономика одағында Қазақстанның экономикалық серіктесі саналатын көрші Ресейде рубль құлағаннан кейін теңге де құлдыраған. Ресейлік экономистер рубльдің арзандауына жуырда ресейлік "Газпромбанкке" салынған санкция мен сыртқы саяси ахуалдың ушығуы, оның ішінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысында жағдайдың ширығуы себеп болып отыр деп санайды.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🔴 Шымкенттегі Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында емделген екі қызды "зорлады" деген күдікпен екі адам ұсталып, қамауға алынды
Бұл туралы Азаттыққа 6 желтоқсанда Шымкент қалалық соты хабарлады.
❗️Сот мәліметінше, қалалық тергеу соты "Зорлау" бабымен күдікке ілінген екі адамды екі айға қамауға санкция берген. Қамау туралы шешімге келіспеген күдіктілердің қорғаушылары апелляциялық шағым түсірген, сот оны қанағаттандырудан бас тартқан.
Сот тергеу амалдарына байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын мәлімдеді.
📱 Бұдан бұрын Азаттыққа облыстық психикалық денсаулық орталығында емделген екі қыз "мекеме қызметкерлері күш көрсетіп, бірнеше рет зорлады" деп мәлімдеген. Қыздардың бірі кәмелетке толмаған. Ол зорлықтан кейін бойына бала бітіп, денсаулығына байланысты түсік жасатуға мәжбүр болған. Сілтемеден өтіп көріңіз.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Ақтауда әкімдікте өзін өртеген ер адамның жағдайы өте ауыр деп хабарлады Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметі
Аурухана науқас жасанды аппаратпен тыныс алып жатыр деді.
Дәрігерлер Астананың ұлттық шұғыл медицинаны ұйымдастыру орталығының мамандарынан кеңес алуды жоспарлап отыр.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 АҚШ Израильді Газа секторында геноцид жасады деп айыптаған халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы дайындаған баяндама авторларының тұжырымына келіспейді
🇺🇸 Мемлекеттік департамент өкілінің орынбасары Ведант Пател осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы "Америка дауысы" хабарлады.
Құқық қорғау ұйымы Израильдің Газа секторындағы әрекетін палестиналықтарға қарсы геноцид деп атаған.
🗣 "Біз бұған дейін де айтқанбыз, (Израильді) геноцид бойынша айыптаулардың негізі жоқ. Алайда Amnesty International сияқты азаматтық қоғам ұйымдары, сондай-ақ құқық қорғау топтары мен үкіметтік емес ұйымдар Газада болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат ұсынғанда маңызды рөл атқаратынын мойындау керек" деді Пател.
"Газадағы гуманитарлық жағдайды шынымен де жақсартқымыз келсе, кепілде отырған адамдарды үйіне қайтарғымыз келсе және осы қақтығысты тоқтатқымыз келсе, екі жақтың да соғысты тоқтату туралы келісімге келгені ең дұрыс қадам болады. Дәл осыған күш сала береміз" деді ол.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Маңғыстау облысы әкімдігі маңында ер адам өзін өртеді
Облыстық полиция "қол жұмсау жағдайына жеткізу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл жөнінде Lada сайты жазды. Ақпаратқа қарағанда, 5 желтоқсанда ер адам әкімдікке аймақ басшысымен кездесуге барған. Оған "бейсенбі күні азаматтарды қабылдамайды" деп айтқаннан кейін ер адам өзіне бензин құйып, өртеген.
Әкімдіктің хабарлауынша, полиция мен әкімдік қызметкерлері дереу отты сөндіріп, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы ауыр.
Ақпаратқа қарағанда, өзін өртеген ер адам аутстаффинг компанияның қызметкері болуы мүмкін. Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, ол Samruk Business Academy-дің бұрынғы қызметкері. Аталған компания қызметкерлері бір ай бұрын Lada-ға президент және облыс басшысына бағытталған видеомәлімдеме жіберген. Онда адамдар жұмыссыздық мәселесі туралы айтқан.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
📹 Мальтадағы ЕҚЫҰ жиынында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров сөйлей бастаған кезде Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига және Польша, Чехия сыртқы істер министрлері, залдан шығып кетті. Сибига бұған дейін Лавровты "соғыс қылмыскері" деп атаған еді.
Лавров соғыс басталғалы бірінші рет Еуропа одағына мүше елге сапармен келген еді.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Қылмыстық атқару жүйесі комитеті қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім "наразылық ретінде өзін жарақаттады" деген ақпаратты жоққа шығарды.
ҚАЖК-ның хабарламасын Ulysmedia жариялады.
🗣 "Сотталған адамды медициналық қызметкерлер тексерді. Денесінде ешқандай жарақат анықталған жоқ. Камерада тәулік бойы бейнебақылау жұмыс істейді. Жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік туралы ескертеміз" деп жазылған хабарламада.
ҚАЖК журналистің аштық жариялағанын растап, "шай мен су ішіп жатыр, мұны бейнебақылау жазбалары растады" деген.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Грузия президенті "Грузин арманы" партиясының 19 мүшесіне, соның ішінде оның негізін қалаған миллиардер Бидзина Иванишвилиге санкция салған Украина басшысына алғыс айтты
🇬🇪 Саломе Зурабишвили Х әлеуметтік желісінде былай деп жазды:
🗣 "Бұдан артық айта алмас едім. Володимир, рахмет! Ресей Қара теңізге бақылауды қалпына келтіруге тырысып жатыр".
🇺🇦 5 желтоқсанда Украина президенті Грузияның биліктегі партиясы мүшелеріне санкция салғанын хабарлады. "Құжатқа қол қойылды" деп хабарлады Владимир Зеленский Facebook-тегі видеосында.
Бұған дейін Балтық елдері (Эстония, Латвия және Литва) "Грузин арманы" партиясының құрметті төрағасы Бидзина Иванишвили мен Грузия ішкі істер министрлігі басшыларына елге кіруге тыйым салған.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак АҚШ президенті болып қайта сайланған Дональд Трамп командасының өкілдері – ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші қызметіне кандидат Майк Уолц пен Ресей және Украина бойынша арнайы елші қызметіне үміткер Кит Келлоггпен кездесті
Бұл туралы Reuters агенттігі мен The Wall Street Journal газеті дереккөздеріне сүйеніп хабарлады.
🇺🇸🇺🇦 Reuters сұхбаттасқан дереккөздер Украина делегациясы мен Трамп командасының кездесуі жайлы ашып айтпады. WSJ мәліметінше, жаңа қызметіне кіріскелі жатқан вице-президент Джей Ди Вэнс талқыға қосылған. Газеттің жазуынша, Ермак Флоридада Трамп кезінде Ақ үй аппаратын басқаратын Сьюзи Уайлспен кездескен.
WSJ дереккөздерінің айтуынша, Ермак Вашингтонға Трамп көмекшілерімен қарым-қатынас орнату үшін барған. WSJ Украина "келіссөзге дайын екенін хабарлауды жоспарлап отыр" деді.
🗣 "Бірақ ол тұрақты болуы керек. Бейбітшіліктің уақытша, тұрақсыз болғаны АҚШ пен Украинаға керек емес" деді басылым сөйлескен Киев жоспарымен таныс дереккөз.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Мәскеуде Кремльдің Батысқа қарсы тұжырымын қайталап, сөз сөйледі
Ресей астанасында өткен баспасөз жиынында Тасмағамбетов Батыс елдеріне қатысты "дос емес елдер" тіркесін пайдаланып, НАТО-ның Ресей мен Беларусьқа "гипотетикалық шабуылы" туралы айтты. Ол Ресейдің гипердыбыстық "Орешник" ракетасының мүмкіндігі мен оның қайта жаңарған ядролық доктринасы туралы байламдарын жеткізді.
🗣 "Ресейдің ядролық доктринасына өте ірі өзгерістер енгізілгенін жақсы білеміз. Теңдессіз гипердыбыстық қару "Орешникті" соғыс жағдайында сынауды қарсылас жақ ескермей қоймайды. Сондықтан Беларусь немесе Ресейдің батыс шекараларына басып кіру ықтималдығын гипотетикалық тұрғыдан елестетсек, бұл НАТО-ның мүлде ессіз әрекеті болар еді" деді Тасмағамбетов.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Биткоин құны алғаш рет 100 мың АҚШ долларынан асты
🇺🇸 Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін биткоин қымбаттай бастады. 5 қарашадан бастап оның құны 40 пайыз өскен.
Трамп АҚШ-ты "әлемнің крипто-астанасы" етуге уәде берген. Мамандардың бағалауынша, бүгінгі таңда криптовалюта нарығы көлемі үш триллион доллардан асады.
Трамп криптолоббист Пол Аткинсті Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссия басшысы етіп тағайындағысы келетінін айтқаннан кейін бірер сағат өткенде биткоин жаңа рекорд орнатты. Бұл комиссия қаржы әлеміндегі ең ықпалды криптовалюта бәсекелестерінің бірі саналады.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм 2025 жылы 20 қаңтарда қызметінен кетпек
Бұған қоса, АҚШ мемлекеттік департаментіндегі мансабын аяқтайды. Розенблюм 2022 жылғы қарашада Қазақстанға елші болып келген. Оған дейін ол Өзбекстандағы елші қызметін үш жыл атқарған.
🗣 "Ұзақ ойланып, ол бес президент пен сегіз мемлекеттік хатшымен бірге өткен жарқын еңбек жолын аяқтап, қызметінен кетуге бел буды. Розенблюм жаңа елші тағайындалғанға дейін миссия басшысының орынбасары Дебора Робинсонның уақытша басшылығына және Алматыдағы АҚШ бас консулы Мишель Еркіннің кәсібилігіне сенім артты" деп хабарлады АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі.
Дэниел Розенблюмнің бұған дейін Азаттық радиосына берген сұхбатын мына сілтемеден өтіп көріңіз
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🚘 Жолдағы көлік кептелісі Қырғызстан астанасы Бішкек пен Қазақстанның ірі қаласы Алматының халқына да, экономикасына да кері әсер етіп отыр. Бұл екі қала да совет кезінде салынғандықтан, қазіргідей көлік нөпірін көтере алмайды.
🌱 Қоршаған ортадағы көліктің шектен тыс көптігі денсаулықтан бастап, экономикаға дейінгі түрлі салаға айтарлықтай әсер етеді. Орталық Азияның екі қаласының әкімшілігі бұл мәселені шешуге әр қырынан келіп отыр.
Urban Forum Kazakhstan өкілі Диас Маратұлы жағдайды жақсартуды "адамдардың жүріп-тұру мәселесін шешуден бастау керек" деп санайды.
🔗Сілтемеден өтіп оқыңыз
❤️Азаттыққа жазылыңыз
🗣 Франция ұлттық жиыны депутаттары басым дауыспен премьер-министр Мишель Барнье үкіметіне сенімсіздік вотумын қолдады. Енді оның кабинеті қызметінен кетуі керек.
Осы шешімді қабылдауға кем дегенде 289 дауыс қажет болған. Вотумға 331 депутат дауыс берді.
BBC агенттігінің жазуынша, мұндай жағдай Франция тарихында 1962 жылдан бері алғаш рет болып отыр. Барнье Франция премьер-министрі қызметінде небәрі 90 күн отырды.
Мишель Барнье мен оның кабинеті Франция президенті Эммануэль Макрон жаңа премьер-министр іздегенше қызметте қалуы мүмкін, шілдедегі кезектен тыс сайлаудан кейін бұған 50 күн қажет болған.
❤️Азаттыққа жазылыңыз
💬 Депутаттар қыз алып қашу үшін қылмыстық жазаны енгізуді ұсынды
“Қыз балалар маған ролик көрсетті. Қыз баланы алып қашқан, қасындағы біреу оны “өз еркіммен келдім” деп жаз деп көндіріп отыр. Сонда TikTok-та бәрі мазақ қылып, жазып жатыр. Құқықбұзушылық! Нағыз заңбұзушылық, бірақ оған ешқандай әрекет жасамаймыз.... Сонда студент қыздар “біздің құқығымызды осылай мазақ қыла ма?” дейді” деді 4 желтоқсанда мәжілістің жалпы отырысында депутат Мұрат Әбенов.
Депутаттардың сөзінше, 2023 жылы 13 қыз алып қашу оқиғасы тіркелген, ал 2024 жылы 8 айда бір ғана Түркістан облысында осындай 18 оқиға болған. Мұндай оқиғалардың көбеюіне адам ұрлағандардың жазасыз қалуы себеп болып отыр дейді олар.
“Маңғыстауда қызды алып қашқан. Видеосы бар. Қыз көнбеген, жолда машинадан секіреді, денсаулығына зиян келеді. Бір өзі үш жігіттен қашады. Екі рет қылмыстық іс жабылған. Осы уақытқа дейін ол қыз әлі жүр. Кімге айтамын дейді” дейді Мұрат Әбенов.
Оның сөзінше, қыз алып қашу бойынша қылмыстық істердің басым бөлігі сотқа да жетпейді. Үш жылда қылмыстық іс қозғауға 214 ұсыныс берілген, 10-ы ғана сотқа барған.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекске тиісті түзету енгізуді талқылау туралы ұсынды.
Депутаттың сөзінше, бұған дейін Қылмыстық кодекске 125-1 қыз алып қашу туралы арнайы бап енгізуді бас прокуратура қолдаған.
❤️Азаттыққа жазылыңыз